Кездесу кешінің қонақтары ретінде марқұм Ислаш Молдағалиевтің туысқан інілері Жансих Маштахов және Бердеш Құспанов ағаларымыз шақырылды. Одан бөлек, Аққыстау орта мектебінің 9-сынып оқушылары қатысты.
Тәлімді ғибратқа толы бұл кездесуде Жансих Маштахов және Бердеш Құспанов ағаларымыз марқұм Ислаш Молдағалиевті еске алып, оның өмірінен сыр шертіп, еңбек жолын, оның ішінде мұнай өндіру саласында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, сол саланың дамуы жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын мектеп оқушыларына үлгі-өнеге ретінде паш етті. Сондай-ақ тағылымды кездесуде ғимарат залына Ислаш Молдағалиевтің көптеген естелік суреттері қойылған көрме ұйымдастырылды. Музейдің хор сақтаушысы Гүлнәз Қабдрахманова кездесуге қатысушыларды көрмеге қойылған естелік суреттермен таныстырып, олардың музей қорына қалай жеткізілгенін баяндады.
Тағылымды кездесу соңы Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ұстаздарының орындауындағы «Ақжелең», «Ерке сылқым» күйлерімен жалғасын тапты. Оқушылар кездесудің мазмұнды өтіп, өздері үшін әсерлі болғандығын айтып, ризашылықтарын білдірді.