Баспаналы болған екінші топ мүгедегі Сейітбай Жұмағалиевтің отбасында бес бала бар. Келіншегі қоғамдық жұмыста көше сыпырады. Балаларының кішісі мектеп жасында. Олар осыған дейін аудандағы бұрын теміржолшылар интернаты болған ғимаратты паналаған. Интернат жабылғанда аудандағы тұрмысы төмен отбасыларға баспана ретінде берілген еді. Бір бөлмеден бөліп алып, оған біраз отбасы кірді. Интернат үй күтім жасалмағандықтан әбден ескірді. Қазір ол жерде тұрмысы төмен үш-төрт отбасы ғана тұрады. Тұрмысқа қолайлы жағдай, жылу жоқ.
Мерекеде үш бөлмелі пәтердің кілтін алған отбасының қуанышында шек жоқ, қайырымды жанға алғыстарын жаудыруда. Ал бір отбасын қуантқан ардагер теміржолшы туралы айтар болсақ, Аманғазы Бақтыбаев 46 жыл теміржолда тер төккен. Оның 20 жылында Шалқар белгі беру дистанциясын басқарды. «Құрмет» орденімен марапатталған. Құрметті теміржолшы, «Үздік басшы» атағын алған. 2018 жылы зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстан қол үзбеген ардагер қайырымдылықпен тұрақты айналысады.
«Шалқар – теміржолшылар қаласы. Мұнда кімге көмектессең де теміржолшының отбасына қуаныш сыйлайсың. Рамазан айында, Наурыз мерекесінде отбасымыздың атынан сауапты іс жасауды жөн көрдік. Балам мен келінім осы бір мұқтаж отбасыға баспана сыйлайық деп ой тастады. Аналары да қолдады. Осылай аудан орталығынан баспана іздедік. Аудандық әкімдікке ұсыныс түсірдік. Мұқтаж отбасына баспана сыйлау ниетімізді айттық. Әкімдікпен алатын үйді көрдік. Кімге беретініне араласқан жоқпыз. Себебі нағыз мұқтаж отбасыны бізден гөрі әкімдік жақсырақ біледі. Солардың таңдауымен келістік», – деді ардагер теміржолшы Аманғазы Бақтыбаев.
Теміржолшы 20 жылдан бері «Аманат» партиясының мүшесі. Қызметте жүрген кезінде екі президенттің де сенімді өкілі болған. Ауданға беделді, ел-жұртқа абыройлы азаматтардың бірі. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Бәрі де теміржолдың әр түрлі саласында еңбек етіп жүр. Өзі зейнетке шыққаннан кейін зайыбымен бірге жеке балабақша ашып, жұмысын дөңгелетіп отыр.
Ардақ Ерубаева
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"