Турнирдің бас жүлдесін ата-ана қолдауынсыз қалған, 11-14 жас аралығындағы, Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерінен құралған "Тұлпар" командасы иеленді.
Балалардың Испанияға сапары "Реал Мадрид" футбол клубымен кездесумен есте қалмақ. Сонымен қатар, олар Испания королінің сарайына, "Сантьяго Бернабеу" стадионы мен мұражайына және Қазақстанның Испаниядағы консулдығына саяхаттап барады. Балалар сапары 27 қазанға дейін жалғаспақ.
Естеріңізге сала кетейік, Испанияға үздік клубтардың бірі "Реал Мадрид" футбол клубымен кездесу мүмкіндігі үшін 10-13 қыркүйекте Алматы қаласында орталық стадион алаңында 12 мықты команда өзара бақ сынасты. Жалпы жоба бойынша балалар үйлерінен 300-ге жуық футболшы баланың өтінімі қабылданды.
"Чемпионаттың басты мақсаты - балаларды ынталандыру және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетімдер арасында талантты футболшыларды дамыту. Біздің қор, міне бірнеше жыл болды, бұқаралық спортты дамытуға көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, бүкіл ел бойынша қазіргі заманғы спорттық және балалар ойын алаңдарын орнату бойынша жоба іске асырылуда, дарынды балаларға жол гранттары үлестірілуде, республикалық жазғы спартакиада өтті", - дейді "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Иргебаев..
"Арманына жақында" чемпионатының ұйымдастырушысы "BAURZHAN" қайырымдылық қоры, бас cеріктес - "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.