«Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент филиалының ұйымдастыруымен Арыс қаласының орталық стадионында 29-30 шілдеде екі күн қатарынан өткен спартактиада ойындарына 150-ден астам теміржолшы қатысты.
Тек Арыстың өзінен Арыс белгі беру және байланыс дистанциясының «ШЧ-38» командасы, Арыс жол дистанциясының «ПЧ-54» командасы, Арыс вагон пайдалану депосының «ВЧД-30» командасы, Арыс станциясының «ДС Арыс» командасы, Арыс локомотившілерінің «ТЧЭ-32» командасы сияқты 5 команда қатысты. Сонымен қатар Шымкент электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ-24» командасы мен «ДС Сарыағаш» командасы қонаққа келді.
Екі күн бойы спорттың футбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, арқан тарту, асық ату, қашықтыққа секіру, жүгіру, қол күресі түрінен бақ сынасқан командалар күннің аптап ыстығына қарамастан жан алып, жан берісті. Спартакиада Арыс қаласының орталық стадионының ашық және жабық алаңдарында ұйымдастырылып, бірнеше ойын қатар өтуіне мүмкіндік жасалды.
Спартакиада қорытындысы бойынша футболдан 1-орын ШЧ-38 командасы, 2-орын ТЧЭ-32 командасы, 3-орын ВЧД-30 командасы алды. 400 метрге жүгіру жеңіл атлетика эстафетасынан да 1-орын ШЧ-38 командасы ешкімге дес бермеді.
2-орынды мұнда да ВЧД-30 командасы, ал 3-орынды ТЧЭ-32 командасы иемденді. Арқан тартудан 1-орын ТЧЭ-32 командасына, 2-орын ШЧ-38 командасына, 3-орын ВЧД-30 командасына бұйырды.
Тоғызқұмалақ ойынының шеберлері болып Айнұр Жанабаева мен Саят Парпиев танылды. Нағима Есіркепова, Азамат Байтанаев – екінші, Гүлжан Абишева мен Саят Қияшев үшінші орын алды.
Жеңіл атлетика және 100 м секіруден Айгүл Спабекова мен Мақсат Еркіннің бағы жанды. 2-орыннан Гүлжан Абишева мен Асқар Қарабек, 3-орыннан Роза Қабулова мен Нұрлан Қаржау көрінді. Үстел теннисінің шеберлері Айман Тұрмаханова мен Нұрлан Зайнилов болды. 2-орын Айгүл Бердиярова мен Қанат Бапаевқа, 3-орын Забира Маметова мен Бақытжан Сарыпбековке бұйырды.
Асық атудан 1-орынды Асхат Жанәділ мен Сауле Данышпаева жеңіп алды.
2-орын Асылбек Сарабек пен Әлия Бердияроваға, 3-орын Әсет Тоқтарбек пен Айнаш Сүлейменоваға тиесілі болды. Қол күресінен Дана Жұмабекова мен Бақыт Боранбаев басым түсті. Забира Маметова мен Бейбарыс Қаржау, Гүлжан Ержанова мен Жандос Тұрымбетов кейінгі орындарды бөлісті.
Барлық жеңімпаздар алғыс хаттармен және естелік медальдармен марапатталды. Шымкент жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Ильяс Нұржанов пен Арыс станциясының бастығы міндетін атқарушы Эдуард Дербісов теміржолшыларды көлік қызметкерлері күнімен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
Сәбира Байзақова
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"