Жиынға жетекшілік еткен филиал төрағасы Нағима Салықбаева осы мәселемен жуырда ғана кәсіподақ өкілдері Астанаға арнайы іссапармен барып-келгендерін айтып, бұл ел игілігі жолындағы жарқын жоба екендігін алға тартты. Ал саябақты меңгеру процесіне қатысты сөз алған Арыс станциясының кәсіподақ өкілі Телғозы Шорахан нысанды меңгеруге алу мерзімі ақысыз 15 жылды құрайтынын тілге тиек етті.
– Қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен кездесіп, біз теміржол мекемелері атынан саябақты күтіп ұстау арқылы табыс көзіне айналдыру мақсатында 15 жылға өз иелігімізге алу жөнінде нақты шешімге келдік. Ендігі жерде «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», осы ойымызды іске асырғанымыз жөн. Ал биылғы жоспар Тәуелсіздік күніне орай ашық шағын футбол алаңын салуды қолға алайық, – деді Т.Шорахан.
Ашық талқылау соңында оң шешімге келген жиынға қатысушылар «Теміржолшылар» саябағын гүлдендіруге қатысты ұсыныс, пікірлерді тыңдау үшін алдағы екі жұма ішінде мекеме, кәсіпорындарда көшпелі отырыс ұйымдастыратын болды. Сөйтіп, сол жиын қорытындысы негізінде толтырылған хаттамаға сай саябақты дамыту жоспары бекітіледі. Өйткені мұндай нысанды меншігіне алып, жобаны іске асыру құқығы «Қазкөліккәсіп» ұйымында болмағандықтан, кәсіподақ өкілдерінің құрылтайшылығы негізінде құрылған шаруашылық жүргізу мекемесін құру арқылы істі ілгерілету көзделуде. Кәсіподақ өкілдерінің түсіндіруінше, бұл мәселені шешудің заңды әрі тиімді жолы.
Үш жыл бұрын аталған саябақ Арыс қаласының 65 жылдығына орай, күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілген болатын. Теміржолшылар саябағының қақ ортасына ашық аспан астындағы музейдің негізгі экспонаты ретінде көне паровоз қойылған. Ендігі жерде оның маңына спорт алаңы мен көңіл көтеруге арналған түрлі ойын-сауық құрылғыларын орнату арқылы нысанды заманауи ретросаябаққа айналдыру көзделуде. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі таңда Арыс қаласында 45 мыңнан астам тұрғын болса, оның 5 мыңға жуығы теміржолшылар екен.
Нұрлыбек Досыбай
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"