К 30-летию Независимости Казахстана | 01 тамыз 09:30

Аса ауылында темір жол арқылы өтетін аспалы көпір пайдалануға берілді

Жамбыл ауданы Аса ауылында темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір пайдалануға берілді.  

Темір жолдың үстінен өтетін аспалы көпір салу туралы мәселені тұрғындардың көтеріп жүргеніне біраз болған. 13 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығы Асаны темір жол екіге бөліп жатыр. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі күрделі. Жаяу жүргіншілер алты жолақты темір жолды кез келген жерден кесіп өтіп, теміржолшылар мен желілік полицияға көп қиындық туғызып, өз өмірлерін қатерге тігіп келген.  

Темір жолдың  1500-дей адам тұратын арғы бетінде әлеуметтік нысандар жоқ. Тұрғындар жұмысқа, мектепке бару үшін бергі бетіне теміржолды кесіп өтіп келген. Бергі жағында 3 мектеп, аурухана мен емхана, әкімдік ғимараттар орналасқан. Былтыр «ҚТЖ» ҰК» АҚ  көпір салуға рұқсат беріп, аудандық бюджеттен 336 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған болатын.  

Пайдалануға берілген көпірде барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылған. Биіктігі – 6 метр, ұзындығы 41 метрді құрайды. Тағы бір айта кететіні, көпірдің екі жақ бөлігіне арнайы жеделсаты қойылған. Оны қариялар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар ғана пайдалана алады.  

– Көпір қажет екенін айтып келе жатқанымызға 30 жылға жуықтады. Ауданға келген әкімдердің бәріне өтінішімізді жеткіземіз, бірақ аяқсыз қалады. Бүгін міне, көптен күткен арманымыз орындалып, мынадай тамаша аспалы көпірге қол жеткізіп отырмыз, – дейді зейнеткер Әбдітәліп Омаров.

Ардақ Үсейінова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"