К 30-летию Независимости Казахстана | 06 апреля 13:01

Асқар Нұранов: Геология — өмірімнің маңызды бөлігі

Асқар Нұранов — «Қаражанбасмұнай» АҚ №3 мұнай өндіру цехының геологы. Геология саласы оған бала кезден таныс болғандықтан, бұл мамандықты саналы түрде таңдаған.

Геология — кең ауқымды әрі қызықты сала. Әсіресе мұнай-газ геологиясының маңызы ерекше. Мұнай мен газдың түзілуі, олардың жер қойнауында орналасуы, қабаттардың геологиялық құрылымы, геохимиялық құрамы және геофизикалық зерттеулер нәтижелері — мұның барлығы Асқар Бекұлының кәсіби қызығушылығының негізгі бөлігі.

«Геология — тек ғылым емес, ол табиғаттың терең сырын түсінуге жол ашатын ерекше әлем», — дейді  Асқар Нұранов.

 

Жұмыс барысында ол әртүрлі өндірістік мәселелерді тиімді шешуге қатысып, ұңғымалардың тұрақты және бірқалыпты жұмыс істеуін бақылауға үлес қосады. Әрбір ұңғыманың жағдайы, қабаттардың ерекшелігі мен өндірістік көрсеткіштері — оның күнделікті назарында.

Сонымен қатар, олАсқар Нұранов геологиялық зерттеулер мен өз саласындағы жаңалықтарды үнемі қадағалап отырады. Республика деңгейіндегі барлау жұмыстарының нәтижелерімен танысып, әріптестерімен пікір алмасады. Бұл оның кәсіби дамуына үлкен үлесін қосады.

«Кез келген өз ісіне адал маман ешқашан білімін жетілдіруді тоқтатпауы керек. Өйткені әр жаңа ақпарат — жаңа мүмкіндік», — деп есептейді ол.

Сондықтан Асқар Бекұлы әрдайым жұмысына қажетті заманауи технологияларды саралап отырады. Себебі геология — оның тек мамандығы ғана емес, өмірінің маңызды бір бөлігі. Ол өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, мамандығын мақтан тұтады.