Жұбайымен бірге Қарағандыдан Жезқазғанға бара жатқан жүкті жолаушының жолда толғағы қысқан. Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.
Пойыз бастығы Индира Кұлмаханованың айтуынша, пойыз бригадасы нұсқаулыққа сәйкес әрекет еткен, пойыз жүргізушісіне хабарлап, жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақыртқан.
Индира Құлмаханова теміржолда 17 жыл жұмыс істейді, оның 9 жылын Тальго жолаушылар пойыздарында атқарып келеді.
«Стандартты емес жағдайларда қалай әрекет ету керектігін компанияда үйретеді. Біз әрқашан жолаушыларымызға көмек көрсетуге дайынбыз», – дейді ол.
Жезқазған станциясына келген соң жолсеріктер анасын қызымен бірге жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Жас ата-ана жаңа туған нәрестенің есімін Арай деп қойды.
«Бұндай жағдайда бізді жалғыз қалдырмай, көмек көрсеткен пойыздың барлық қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамын. Бәріміз абдырап қалдық, ал Индира табандылық пен кәсібилік көрсетті, отбасымыз оған қызымыз үшін әрқашан риза болады», – деді бақытты әке.