К 30-летию Независимости Казахстана | 04 тамыз 08:28

Астанада 2026 жылға дейін 24 жайлы мектеп салынады

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Астана қаласында 24 мектеп салу жоспарланған. Бұл бір ауысымда 44,4 мың жаңа оқушы орнын (екі ауысымда 88,8 мың орын) ашуға мүмкіндік береді.

2023 жылы елордада бір ауысымда 41,2 мың оқушыға арналған 22 мектептің құрылысы басталады. Бұл мектептер 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек.

2000 орындық 1 мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

1200 орындық 1 мектепті жергілікті атқарушы органдар мердігер компаниядан дайын тауар ретінде сатып алады. Пайдалануға беру 2025 жылдың соңына жоспарланған.

Сенбі күні «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру бойынша департамент директоры Ербол Ахметов пен жобалау және құрылыс басқармасының бастығы Әбдікерім Аршамов елордадағы болашақ жайлы мектептердің құрылыс алаңдарын аралады. Олар ғимараттардың жобасы және құрылысқа дайындық жұмыстарының барысымен танысты.

Бүгінгі таңда 15 мектеп бойынша мердігерлермен EPC-келісімшарттар жасалды. 7 мектеп бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде, олардың қорытындысы тамыз айында белгілі болады. ЕРС-келісімшарт – бұл құрылысты басқарудың шетелдік әдістемесі, оған сәйкес барлық процестерді (Engineering - жобалау, Procurement - жабдықтандыру және Construction - құрылыс) бір уақытта бір мердігер ұйым немесе консорциум жүргізеді. Бұл уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазір мердігерлер жер учаскелерін құрылысқа дайындау жұмыстарын  жүргізіп жатыр (қоршау, бейнебақылау камераларын орнату, құрылыс техникасын жұмылдыру, инженерлік-геологиялық іздестіру және т.б.), сонымен қатар мектептердің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүріп жатыр. Олар мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады.