Жайлы мектеп мердігері – «NAK Construction» ЖШС. Бүгінде құрылыс компаниясы нысанның ашылуына соңғы дайындық жұмыстарын жүргізуде. Атап айтар болсақ, оқу кабинеттерін жуып-шайып, акт залындағы перделерді іліп, спорт залдағы белгілерді салып жатыр.
Заманауи білім ошағында мектепке дейінгі балалар, бастауыш пен орта-жоғары буын оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Әрбіреуінде коворкинг аймақтар жасалған. Мұндай алаңдар мұғалімдер үшін де қарастырылып отыр. Ал, бүлдіршіндер үшін сабақтарды қызықты форматта өткізу үшін ойын бөлмесі бар. Бастысы – балалардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін робототехника кабинеті, сабақтарда алған білімін іс жүзінде бекітуге STEM-зертхана жарақтандырылды.
Оқу ұясының ауданы, жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі барлық заман талабына жауап береді. Нысан ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тұрғызылды. Бастама еліміздегі апаттық, үшауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Аталған мақсатта Астана қаласында 23 жайлы мектепті салу көзделген. Оның ішінде бүгінде тоғызы халық игілігіне берілді.