К 30-летию Независимости Казахстана | 20 ақпан 11:45

Астанада «Кәсіподақ жетекшілері» атты оқу форумы өтті

Елорда төрінде «Кәсіподақ жетекшілері» атты үш күндік оқу форумы өтті. Оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 100 астам кәсіподақ жетекшілері қатысты. Ауқымды іс-шараны «Қазкөліккәсіп» ҚБ мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ адам ресурстарын басқару департаменті бірлесіп ұйымдастырды.

Үш күндік форумда кәсіподақ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында тақырыптық шеберлік сабақтары мен панельдік сессиялар, дәрістер, тренингтер, пікір алмасу жиындары өткізілді. Жалпы, бұл жолы форумда бас қосқандар – кәсіподақтың іргетасын құрайтын бастауыш ұйым төрағалары. Олардың көпшілігі «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС мен Магистральдық желі дирекциясының құрылымдық бөлімшелерінде бастауыш ұйымдар жұмысын жүргізетін, негізгі қызметінен босатылмаған төрағалар болып табылады.

 

Теміржол көлігі персоналын бағалау және дамыту орталығы іс-шараны өткізу алаңы болды. Кәсіподақ көшбасшылары тиімді коммуникацияларды, жанжалдар мен тиімділікті басқаруды, стреске төзімділікті үйренді, еліміздің еңбек заңнамасындағы, әлеуметтік кодекстегі өзгерістерді, сондай-ақ жаңа Ұжымдық шарттың нормаларын, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын, т.б. талқылады.  

Форумның үшінші күнінде биыл қабылданған жаңа Ұжымдық шарттағы өзгерістер талқыланды. Сонымен қатар «Әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудағы кәсіподақ бірлестіктерінің рөлі» тақырыбында панельдік сессия өтті. Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Сәуле Истлеева қатысушылардың көшбасшылық қабілеттерін арттыру, бизнес-компетенциясын дамыту бағытында тренинг өткізді. 100-ден астам қатысушыны 4 топқа бөлген ол ҚТЖ-ның 3 жетістігі мен 3 мәселесі деген тақырыпта топтық тапсырма беріп, олардың осы бағытта ойлары мен ұсыныстарын айтуын сұрады.  

– Біз жұмысымызға тікелей қатысы бар көптеген пайдалы ақпарат алдық. Кәсіподақ жетекшілерінің негізгі міндеті – жұмысшылардың құқықтарын қорғау, жұмысшылар мен кәсіпорын басшылығы арасында байланыс орнату болғандықтан біз ұжымдағы ахуалға компаниямен бірдей жауаптымыз, – деп ой бөлісті Құсмұрын электрмен жабдықтау дистанциясы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Руслан Шарипов.  

Ол ұйымдастырушыларға форум жұмысының стандартты емес форматы, тығыз бағдарламасы, білім қорын толықтыру, басқа өңірлерден келген әріптестермен танысу, түрлі мәселелер бойынша пікір алмасу, байланыстарды нығайту мүмкіндігі үшін алғыс білдірді.  

 

Форумның жабылу салтанатына Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ аппарат басшысы Серік Кеулімжаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ құқықтық қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Ілияс Ерназаров қатысып, кәсіподақтың әрбір кәсіпорын өміріндегі рөлі мен маңызы туралы ойларын ортаға салды.  

– ҚТЖ – Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Оның 120 жылдық тарихы бар. Алғаш рет теміржол кәсіподағы осыдан 119 жыл бұрын бұрынғы Перовск, қазіргі Қызылорда станциясында құрылған, яғни сала кәсіподағына да келесі жылы 120 жыл толады. Қазіргі таңда кәсіподаққа 100 мыңнан астам теміржол қызметкері мүше. Компанияның барлық құрылым бөлімшелерінің өңірлердегі филиалдарында бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді, – деді өз сөзінде О. Ахметбаев.  

 

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға «Еңбек заңнамасындағы өзгерістер. Жаңа әлеуметтік кодекс», «Мінез-құлық кодексі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл», «Кикілжіңді басқару. Келіссөздер жүргізу шеберлігі», «Күйзеліске төзімділік», «Тиімді коммуникациялар», «Тиімділікті басқару» тақырыптарында тренингтерге қатысқаны үшін арнайы Сертификат тапсырылды.  

Райхан Рахметова

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"