К 30-летию Независимости Казахстана | 07 тамыз 10:37

Астанада Орталық Азияның энергетика министрлерінің алғашқы кездесуі өтті

Кеңесте Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстанның энергетика министрлері, Әзірбайжанның Энергетика министрінің орынбасары және Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сөз сөйледі.

Алмасадам Сәтқалиев өз сөзінде тараптарды дәстүрлі және жаңартылатын энергетиканы дамыту мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ірі өңірлік энергетикалық жобаларды жоспарлау мен іске асыруға аса назар аударуға шақырды.

«Қазақстан, өз кезегінде, қолданыстағы қуаттарды жаңғырту, сондай-ақ жиынтық қуаты шамамен 26 ГВт болатын жаңа қуаттарды іске қосу бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр», - деп атап өтті министр.

Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы болып табылатын KEGOC Компаниясының атынан Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов кездесуге қатысты. Кеңес аясында KEGOC басшысы Орталық Азияның энергетикалық ведомстволарынан келген әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді. Энергетика саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және оны қолдау мақсатында өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту және нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы, Әзірбайжан Республикасы және Өзбекстан Республикасының Үкіметтері арасында жасыл энергияны дамыту және жеткізу жобасы талқыланды.

Орталық Азияның энергетика министрлерінің алғашқы кездесуінің қорытындысы бойынша «Коммюникеге» қол қойылды. «Коммюнике» өңір елдері арасындағы барлық негізгі бағыттар бойынша одан әрі жемісті ынтымақтастықтың негізі болмақ.