Еліміздегі ең көп жүк вагондары «Қазтеміртранс» АҚ-на қарайды. Алпауыт мекеменің қарамағында - 27 387 жартылай вагон, 6705 жабық вагон бар. Оған қоса 474 платформаға ие.
«Қазтеміртранс» АҚ Ақпараттық жүйелер және технологиялар департаментінің директоры Серік Мұратбекұлының айтуынша, аталған мекеме өз клиенттерімен онлайн режимде және бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істеп жатыр. Яғни, клиенттердің ыңғайлылығы үшін құжат қабылдау барысы автоматтандырылған. Соның арқасында мекеменің жұмысы алға жылжып, үлкен табыстарға жетуде.
«Біздің қызметті тұтынушылар ешқайда бармай-ақ жеке кабинетінде құжаттарды онлайн толтырып, бекіте алады. Келісімшарт жасау, тасымалды белгілеу, оны жабу және есеп фактурасын жіберудің бәрін онлайн жасай алады. Келісімшарт жасасу мен тарифті белгілеу бір күн уақытты ғана алады. Бұрын ол бір аптаға дейін созылатын. Одан бөлек аймақтық желінің жұмысы да жақсы жолға қойылған. Адамдар кез келген өңірде біздің өкілдіктерге немесе байланыс орталығына жүгіне алады, яғни әлеуметтік желілерде де біздің аккаунттарымыз бар», - дейді С.Мұратбекұлы.
Сонымен қатар ол қағаз бастылықтан арылу қоршаған ортаны сақтап, табиғатты аялауға да мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Автоматтандырылған жүйе қоршаған ортамызды сақтап қана қоймай, клиенттердің уақытын үнемдеуге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Біздегі құжаттардың барлығы онлайн режимде қолжетімді әрі қауіпсіз», - дейді ол.
Айта кетсек 9-11 қазан аралығында өтетін көрмеге 18 елден 180 компания қытсып жатыр.
Әділет Мұсахаев
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"