Жетесін Алманов 1965 жылы Түркменстанда дүниеге келген. Ұлы Отан Соғысының ардагері Нүби ақсақалдың бауырына басқан бес баласының бірі жастайынан зерек, алғыр болып өседі. Жетесін Ұлы Отан Соғысының батыры Мәди Бегенов атындағы №5 қазақ орта мектебін 1982 жылы бітіріп, Қиыр Шығыстағы Хабаровск, Амор ауданына әскери борышын өтеуге аттанады. Сексенінші жылдары туған жерге бет бұрған бауырларының артынан Жетесін де әскерден оралысымен Ақтау қаласына көшіп келеді. Алғашында МАЭК мекемесіне жұмысқа тұрып, бір жылға жетпей 1986 жылы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасындағы Пайдаланыстағы жабдықтарды жөндеу және прокаттау цехына слесарь-жөндеуші болып орналасады.
Кен орнында жүріп біраз тәжірибе жинақтаған Жетесін аға «Жетібаймұнайгаз» ӨБ ПЖПЖЦ-да шебер, басшы орынбасары, механикалық цех бастығының орынбасары қызметтерінде болды. Кейіннен, 2018 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына ауысып, бүгінде АСАҚ учаскесінде механик қызметін жалғастыруда.
«Басшылығымыз бен ұжымдастарыма өте ризамын. Басыңа қандай болмасын жағдай түссе де қасыңнан табыла біледі. Еткен еңбегім еленбей қалған емес. Көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарым бар. Осындай ұжымның ішінде еңбек етіп жүргеніме тәуба етемін, қуанамын», – дейді мұнайшы.
Жұбайы Қырмызы апамызбен бірге бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған кейіпкеріміз жұмыстан бос уақытында спортпен шұғылданып, үстел теннисіне де қызығушылық танытады, тіпті ұжым намысын қорғап жүлдегер атанған кездері де болған.
Дүниенің түгел тұрғаны, туған түбегінің ырыс-несібесінің бүтін тұрғаны Жетесін ағамыз бен оның әріптестеріндей қарапайым жандардың еңбегі. Ісіне шын берілгендер ғана жұртына тірек, елінің абыройына абырой қоспақ.
Лаура Жолдыбаева