«STEM Hanym» жобасын «Самұрық-Қазына» АҚ тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен ExxonMobil Kazakhstan компаниясы қаржыландырды, ал «USTEM» қоры жүзеге асырды.
Жобаға жалпы 1000-нан астам әйел – педагог, тәрбиешілер, 3-4 курс студенттері, ерекше қажеттілігі бар әйелдер мен ерекше баланы тәрбиелеп отырған аналар қатысып, онлайн оқудан өтті. Дәрістерді табысты ІТ-стартаптардың негізін қалаушылар мен халықаралық STEM байқауларының жүлдегерлері жүргізді.
«Біз жүздеген әйелдің білім алуына жағдай жасап, Атырау облысындағы мыңдаған баланың болашағына үлес қосып отырмыз. Жоба жас мамандармен қатар, үлкен тәжірибесі бар педагогтер тарапынан да үлкен қызығушылық тудырғанына қуаныштымыз», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.
Тестілеуден сәтті өткен 300 қатысушы үшін Мақат, Махамбет, Құрманғазы аудандарында және Құлсары мен Атырау қалаларында хакатондар ұйымдастырылды. Практикалық хакатондар барысында әйелдер LEGO Education жиынтықтарымен жұмыс істеуді, роботтарды бағдарламалау негіздерін, командалық жұмысты және нақты мәселелерді шешу тәсілдерін меңгерді.
Атырауда өткен «STEM Hanym» қорытынды форумында STEM тренерлерінің сертификаттары, хакатон жеңімпаздарына дипломдар және әлеуметтік желілерде белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Форум аясында пилоттық жоба нәтижелері таныстырылды.
Жалпы, 2020 жылдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры Атырау облысында жалпы құны 10,8 миллиард теңгеге 27 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.