К 30-летию Независимости Казахстана | 09 июня 17:01

Атырау облысында екі жаңа спорт кешені бой көтеруде

 

Жобалар «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен, «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры арқылы іске асырылуда. Құлсары қаласында жалпы аумағы 1,6 мың ш.м. құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Мұнда волейбол, баскетбол, бадминтон, үстел теннисі және ұлттық күреспен айналысуға барлық жағдай жасалады.

Сонымен қатар медициналық кабинет, киім ауыстыратын бөлмелер және жаттығуларды жайлы өткізуге қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Атырау қаласында ауданы 3,6 мың ш.м. болатын инклюзивті спорттық-оңалту орталығы салынуда. Орталық балалар мен ересектерге, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған.

Ғимаратта бассейн, тренажер залы, спорт және жекпе-жек залдары, бейімдеу және оңалту аймақтары, сондай-ақ медициналық кабинет жұмыс істейтін болады. Жаңа нысандар бұқаралық спортты дамытуға және өңір тұрғындары үшін қолжетімді спорттық ортаны қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.

Жалпы, биыл Қордың қолдауымен еліміздің өңірлерінде 11 спорт кешенінің құрылысы басталды. Жобалардың негізгі мақсаты - спорт инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау.