К 30-летию Независимости Казахстана | 01 қыркүйек 13:26

«Атырау-Самара» магистралды құбырымен мұнай тасымалдау үш күнге тоқтатылды

«Атырау – Самара» магистралды құбырымен мұнай тасымалдау 72 сағатқа тоқтатылған, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

«ҚазТрансОйл» АҚ таратқан ақпаратқа қарағанда, «Өзен-Атырау-Самара» магистралды мұнай құбырының 1190,4 – 1235,4 шақырымында диаметрі 720 мм құбыр жаңадан салынған.

Жалпы ұзындығы 45 шақырымдық құбырдың ауыстырылған учаскелерін қосу үшін «Атырау-Самара» учаскесінде мұнай тасымалдау 72 сағатқа тоқтатылған.

«Барлық техникалық жұмыс өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарын сақтай отырып белгіленген мерзімде орындалды. Мұнай құбырының қайта жөнделген учаскелерін қосу жұмысына «ҚазТрансОйл» АҚ Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Павлодар мұнай құбырлары басқармаларының 188 қызметкері, сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ пайдалану бөлімінің, жергілікті филиалдың мұнай тасымалдауды басқару орталығы бас диспетчерлік бөлімінің қызметкерлері, 78 техника жұмылдырылды. Жұмыс Ресей Федерациясымен шекаралас аумақта жүргізілгендіктен Атырау мұнай құбыры басқармасы «Транснефть-Приволга» АҚ-мен учаскені қосу бойынша жұмыс жоспарын келісіп, мемлекеттік шекара белдеуінің режимін ескерді. Арнайы жұмыскерлер мен техниканы, құрал-жабдықтарды өткізу үшін барлық қажетті құжаттар рәсімделді. «Өзен-Атырау-Самара» магистральды мұнай құбырының учаскесін ауыстыру «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 2020-2024 жылдарға арналған жоспарына сәйкес жүзеге асырылып, мұнайды сенімді және ақаусыз тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған», -деп хабарлады компаниядан.