Жиынды жүргізген бөлімше басшысы Д. Құланбаев атап өткеніндей, Атырау облысы аумағында 851,8 шақырым магистральдық, 327,6 шақырым станциялық және 160 кірме жолдар бар. Теміржол көлігінде қауіпсіздіктің сақталмауының да негізгі себебі сол – магистральдық және кірме жолдарда күнделікті күтіп-ұстау жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі, соның кесірінен жылжымалы құрам жолдан шығып кетеді. Бөлімшенің қауіпсіздік инженері Ф. Қазжанованың айтуынша, 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша теміржолда 146 жылжымалы құрамның жолдан тайып кету оқиғасы тіркелген. Себеп – кірме жолдардағы жолдың үстіңгі қабаты қанағаттанғысыз жағдайда, вагондар башмактармен дұрыс бекітілмеген, маневр, түсіру-тиеу кезіндегі олқылықтар, тағы басқа жағдайлар. Салдарынан 205 вагон зақымдалып, жабық, жартылай ашық, платформа, цистерна, басқа да вагондар әртүрлі дәрежедегі (күрделі, деполық, ағымдағы) жөндеуге жіберілді. Вагон жетпей жатқан уақытта бұл үлкен шығынға әкелетіні түсінікті, бірақ кірме жолдардағы жағдай әлі де мәз емес. Сонымен қатар бөлімше бойынша 12 жүк вагоны кірме жолдарда бұзылған. Олар – «НКОК», «Батыс Петролеум», «TauBase», «Теңіз- шевройл» ЖШС, «ЦТС» АҚ және «Зинелгабитов» ЖК вагондары.
2019 жылы «Батыр-2017» ЖШС кірме жолында бір вагон жолдан шығып кетіп, оларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 60 600 теңге айыппұл салынған болатын. Мұндай жағдайлар 2018 жылы да болған. «Ғимарат» ЖШС кірме жолында 3 вагон жолдан шығып, 295 663,29 теңге шығын келтірілсе, «Индер темір жолы» ЖШС-да маневрлік тепловоз жолдан тайып кеткен. Сол жылы Мақат локомотив пайдалану депосының 1ТЭ10МК сериялы №0114 тепловозымен «Алаң-Жер» ЖШС-ның КамАЗ көлігі арасында соқтығыс болған. Нәтижесінде тепловоздың белдік рамасы 25 мм майысып, жөндеуге келмейтіндіктен тепловоз қызмет көрсетуден алынып тасталған. Апатқа кінәлі «Алаң-Жер» ЖШС- на 45948126,55 теңге айыппұл салынғанмен, сот үкімі әлі күнге дейін орындалмапты.
Бөлімше басшысының айтуынша, негізгі темір жолдың бұтағы саналатын кірме жолдар жекеменшік иелікте, иелері жөндеу жұмыстарын жүргізуге құлықсыздық танытады. Олар тек пайданы ойлап, қауіпсіздікті сақтау үшін жол жөндеп, шығын шығаруға жоқ.
Вагон паркін сақтау мәселесіне қатысты жиында айтылғандай, көбіне вагондар кірме жолдардан шығып, станцияға келгенде ақаулы екені анықталады: дәнекерлеген жері шығып кеткен, есіктері бүлінген, вагон доңғалағының буксы теріс айналып кеткен, вагон ша- нақтары соғылған, т.б. ақаулар. Ал жүк жөнелтушілер вагонның ақаулығына салдыр-салақ қарайды. Бүлінген вагондардың көбеюі жүк тиеу-түсіру және маневрлік жұмыстар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету талабының сақталмауынан болып отыр. Соған сәйкес жүк тиеу/түсіру кезінде бақылау күшейтілген. Жалпы бөлімше бойынша өткен 9 айда орын алған 146 жағдайдың негізгі себептері – кірме жолдардың сапасыздығы, маневрлік жұмыстарды дұрыс жүргізбеу және жүк тиеу-түсіру ережесін бұзу болып табылады.
Бүгінгі күні клиенттердің тапсырыс бойынша вагондармен қамтамасыз ету және реттеуді «Қазтеміртранс» АҚ аймақтық өкілдігі жүзеге асырады. Тасымал құжаттарын рәсімдеудің ашық түрде болуын қамтамасыз ету үшін жүк жөнелтушілер мен қабылдаушылардың құжаттамасы АСУ ДКР жүйесі бойынша жүзеге асырылады. Оның үстіне, осы бағытта бірте-бірте электронды жұмыс түріне көшуге басымдық беріліп келеді. Алайда, түсіруге келген вагондардың кірме жолдарда тұрып қалу проблемалары да кездеседі: ауа-райының қолайсыздығы, кірме жол қожайынының локомотиві жұмыс істемеуі, кран машиналарының істен шығуы, жүк жөнелту-қабылдаушылардың жұмыс уақытының сәйкес келмеуі. Вагондардың кірме жолдарда тұрып қалмауы үшін тиеу-түсіру жұмыстарын орындауды алдын ала жоспарлау жайы сөз болды.
Бөлімше басшысы Д. Құланбаев бөлімшеде жүк тиеу-түсіру жұмыстарының артқанын жеткізді. «Сондықтан сіздерден сұрайтыны- нымыз – өз баланстарыңыздағы кірме жолдардың жағдайын бақылауда ұстап, уақытылы жөндеу жүргізіңіздер, қысқы уақытқа дайындаңыздар. Кірме жолдардың техникалық талапқа сай болуы – тұтастай алғанда қауіпсіздіктің сақталуының бірден бір кепілі» деді.