К 30-летию Независимости Казахстана | 21 қараша 11:57

Атырауда «Білім экспресі» семинары өтті

Өткен аптаның соңында Атырауда компания қызметкерлерін жанжақты оқыту, білімі мен біліктілігін көтеру мақсатында ішкі тренерлердің ұйымдастыруымен «Білім экспресі» семинар-тренингі өтті. Екі күндік оқуға Атырау қосалқы бөлімі мен магистральдық желі бөлімшесінен 100 теміржолшы қатысты.

Оқытушылар құрамын компанияның адами ресурстарды басқару жөніндегі НR бизнес серіктесі Алма Сәулебаева бастаған Бекзат Кәрімханов, Гүлмира Шартаева, Рамиля Нұржауова сынды білікті тренерлер құрады. «Клиентке бағдарлану», «Эмоционалды интеллект», «Тиімді коммуникациялар» және «Кикілжіңді басқару» тақырыптары бойынша оқыту іс-шаралары ұйымдастырылған шара мейлінше қызықты әрі тартысты түрде өрбіді. Қатысушылар өзара бірнеше топқа бөлініп, тренерлер берген тапсырмаларды орындап, ой-пікір алмасты. Сонымен қатар жұмыс барысындағы түрлі күрделі жағдайлар кезінде кикілжіңнен шығу, конструктивті диалог құру бойынша мысалдар келтіріліп, сұрақ-жауап арқылы талқыланды.  

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Семей ЖТ бөлімшесінің қауіпсіздік және еңбек қорғау жөніндегі жетекші инженері Бекзат Кәрімхановтың айтуынша, тренинг мақсаты – ең алдымен қозғалыс қауіпсіздігін сақтау үшін қажетті дағдыларды шыңдау. «Психологиялық күйзеліске төзімділік» тақырыбында өткізген тренингте ол жұмыстың қандай ма бір оңай не қиындығына қарамастан психологиялық қарсы тұруды үйретуді мақсат тұтыпты. Яғни күйзеліс (стресс) дегеніміз не, оның белгілері, ол неден пайда болады, стрестің түрлері мен сатылары, себептері сынды жанжақты қырынан түсіндіріп, оны нақты мысалдар арқылы айтып, бейнежазбалар арқылы көрсетіп, ақырында онымен қалай күресу керек, болдырмау үшін не істеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.  

– Ұлттық компанияның «Білім экспресі» деген жобасын жүзеге асыру мақсатында біз барлық өңірлерді аралап, теміржолшы мамандарға оқыту іс-шарасын өткізіп жүрміз. Мақсатымыз – сала қызметкерлерін негізгі нақты біліміне қоса осындай «жеңіл» біліммен сусындату, яғни адами қарым-қатынасты жақсарту, күйзеліске төтеп беру, оқыс жағдайларда шұғыл әрекет ету сияқты өндіріске, күнделікті жұмыс барысында аса қажетті дағдыларды үйрету. Себебі өмірде де, жұмыста да біздің әрбір сөзіміз бен әрекетімізден өзара қарым-қатынасымыз құралады. Соның бәрі өмір сапасына, еңбек тиімділігіне әсер етеді, – дейді тренер-мамандар.

 

– Мұндай оқулардың жиі болып тұрғанын қалаймыз. Әсіресе клиенттермен жұмыс істеген кезде кикілжің туа қалса, бұл тығырықтан қалай жылдам шығу қажеттігі, сонымен қатар күйзеліске түспеу, одан тез шығу, коммуникациялық қабілетті дамыту, яғни кері байланысқа шыға білу, эмоцияны тежей білу сынды дағдыларды үйрендік. Станция, дистанция, депо басшылары, инженерлер, басқа да мамандар өздеріне қажетті әрі маңызды көп мағлұмат алып, оны жұмыста және өмірде қолданып жүреді деп ойлаймын, – дейді Атырау қосалқы бөлімінің бас инженері Бауыржан Картан.  

Семинар-тренинг соңында барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.  

Қосұйым Мұқашев

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"