К 30-летию Независимости Казахстана | 08 сентября 11:24

Атырауда болашақ мұнайшыларды дайындайтын оқу-өндірістік полигоны ашылды 

Атырау қаласында С.Өтебаев атындағы мұнай-газ университеті жанынан болашақ мұнайшыларды дайындайтын оқу-өндірістік полигоны өз жұмысын бастады.

Ашылу салтанатына Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, университет ректоры Гүлзада Шакуликова, сондай-ақ мұнай-газ саласының ардагерлері қатысты. Жалпы жер аумағы 4 гектарды алып жатқан полигон «Ембімұнайгаз» АҚ («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы) қаржылық қолдауымен салынды. Оқу полигоны – бұл жер қойнауын барлаудан бастап, көмірсутек өңдеуге дейінгі өндірістік процестердің толық циклі бар мұнай-газ өндіру мекемесінің шағын моделі. – Еліміздің мұнай-газ секторына қажетті білікті мамандарды даярлау – ҚазМұнайГаздың алдында тұрған өзекті мәселе. Полигонда жаттығу элементтері өндірістік жағдайларға барынша ұқсас етіп салынған, студенттердің нақты операциялық міндеттерді шешуге және мұнай-газ технологияларын игеруге мүмкіндігі бар. Бұл жерде электргазбен дәнекерлеуші, токарь, оператор, машинист және басқа да мамандар тәжірибеден өтеді. Бастама Қазақстан Президенті жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылында» аса маңызды, – деді А.Хасенов. Полигон заманауи зертханамен жабдықталған. Жерасты жөндеу жұмыстарын жүргізуді үйрету үшін екі ұңғыма бұрғыланып, болашақ мамандар практикалық тапсырмаларды орындауы үшін 15 оқу алаңы салынды. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеті – осындай заманауи технологиялық базасы бар Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны.