К 30-летию Независимости Казахстана | 01 наурыз 11:16

Атырауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша кеңес өтті

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырудың бірінші кезектегі  шаралары талқыланды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі. 

Жиынға «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов, басқарма басшылары, облысқа қарасты коммуналдық мекеме басшылары және мердігер мекеме өкілдері қатысты. 

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысын жүргізетін мердігерлер арасында жергілікті  компанияларға басымдық беріледі. Сонымен қатар оларға бірқатар жеңілдік қарастырылады.

«Жергілікті мердігерлерге жұмыс тәжірибесіне қарай 5% жеңілдік беріледі және бұл өзге өңірден келген мердігерлерге жүрмейді. Бірақ мердігер банк авансты кепілдігі түрінде растау шарт. Өңірдің ішінде әр мектепке әр түрлі мердігер мекеме конкурс арқылы таңдалады. Сонымен қатар, салынатын мектептердің жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеп, сараптама қорытындысын алып береміз. Құрылыс жұмыстары басталған кезде құрылыс алаңына бейнекамералар орнатылып, интернет қолжетімді болуы қажет. Өйткені жұмыс барысы тәулік бойы қадағаланады. Бұл жұмыстың сапалы аяқталуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ мердігер мекеме басшылары әр апта сайын құрылыс жұмыстарының барысы туралы ақпарат беріп отырады», - деді Мәулен Айманбетов.