"Ардагерлерге көмектесуді мақсат тұтқан игілікті іс аясында ізгі ойлы замандастар бас қосып, бар білгенімізді беруге тырысудамыз. Бөлінетін белгілі бір қаражат сомасын тиімді жұмсаған ләзім және де қамкөңіл қариялар үнемі жылы сөз бен риясыз жүздесуді қалап тұрады. Республикалық жоба болғандықтан көкжиегі кең, ел ауқымында ниеттес құрбы-құрдас жандармен пікір алмасуға, қажетті орта қалыптастыруға таптырмас алаң", - деп ой өрбіткен Фархат еріктілер қозғалысына адам өз еркімен, шын сүйіспеншілікпен атсалысқан абзал деп санайды. Себебі нұсқау-мәжбүрлеумен, жақсы ат, көрсеткіш үшін қатардан қалмайтындар барын жасырмайды. Сондықтан қарамағындағы атыраулық волонтерлерді сапалы құрамнан жасақтауға күш салған. Сәйкесінше басым бөлігі жиі хабарласып, қал сұрауға асығатын адал досқа, үзеңгілес серікке айналған. Өнегелі оқиғалар туралы әлеуметтік желіден оқып, өздері тартылатын жастар да кезігеді екен. Жұмыстан босай салысымен қол ұшын созатын ересектер де үлесін қосуда.
"Жеңіс" жобасының атап өтерлік ерекшелігі сол, қарияларды тек 9 мамырда құттықтаумен шектелмейміз, жылына кем дегенде 4 рет баруды көздейміз. Әлеуметтік жәрдем де қажет қой, бірақ жоғарыда келтіргеніміздей, ең бастысы үйде отыратын олардың естелігіне құлақ асып, әңгімесін мұқият тыңдасаң бір жасап, сергіп қалады. Бізді мейрамдардан тыс былай көргенде балаша қуанып, алғысын жаудырып, батасын беріп жатады", - деп әңгіме тиегін ағытқан Фархат қазақ халқының "сауап" деген ұғымын жастарға ұғындырудың мәні зор дейді. Айтпақшы атыраулық ізгі жас туған қаласындағы барлық Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, мекен-жайларын жатқа біледі. Қарттардың туған-туысқандары да еріктілерді киімінен алыстан танып, қол бұлғайды екен. Тіпті үй иелері қонақтарға ет асып, мол дастархан жайып, жастарды марқайтып жібереді екен.
"Жастармен бірге заманауи музыканы ұнататын егде кісілер жолығады. Ардагерлерді туған күнімен айрықша құттықтауға асығамыз. Жалғызбасты ардагерлердің үйлерін мұнтаздай етіп жинап, шай ішеміз. Дәрі-дәрмек сатып алып беріп, далада таза ауада серуендейміз. Егер бұдан да күрделілеу нақты өтініш түссе, бас тартпаймыз. Мысалы есік ауыстырған жағдай болды. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы шығар. Қазіргі Азаматтық бастамаларды дамыту орталығындағы жұмысымда да еріктілер бағытына ден қоюдамыз", - дейді Фархат қызықты сәттерді еске алып.
Фархат Асанұлы волонтерлікті мектеп қабырғасынан насихаттаса, оқушылар ізгі істердің мағынасын тереңінен ұғынып, кейіннен жүрек қалауымен таңдау жасар еді дейді. Сонымен қатар, корпоративтік, медициналық, психологиялық, отбасылық сынды түрлі тармақтарға маманданған волонтерлерді даярлау маңызды болмақ. Ұялы телефонда волонтерлікті шараларға аңдатпа жасап, хабарландырып отыратын, өзекті жайттарды үнемі талқыға салатын арнайы қосымша түзілсе деген де тілегі бар. Жатын орын, жол ақысы сынды шығындар толық көтеріп алынатын волонтерлік қозғалысқа еуропалық өзгеше көзқарасты тілге тиек еткен Фархат, сондай-ақ, қала мен ауыл арасындағы еріктілердің өзара байланыс көпірі қалыптасып, бір-бірімен пайдалы тәжірибе алмасқанды құптайды.
P.S. "Жеңіс" жобасында "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы атынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне әлеуметтік қолдау жасалып, жастарға патриоттық тәрбие беріледі. Өткен 2019 жылы еліміздің 35 қаласында 500-ден артық ерікті 1400-ге жуық майдангер мен тыл еңбеккеріне көмек көрсетті. Қордың тәуелді және еншілес компанияларының қызметкерлері, Жеңіс күніне орай, ардагерлерге арнап 18 млн теңгеден астам қаржы жинады. Тұтас ТМД аумағында теміржол көлігінде тегін сапарлар ұйымдастырылды.