К 30-летию Независимости Казахстана | 08 қаңтар 12:28

Атыраулық желаяқ теміржолшылар жүлделі оралды

2024 жылғы 2 қаңтарда Қарағанды қаласында 6 және 12 сағаттық жүгіру бойынша 15-ші жаңажылдық ультрамарафон өтті. Оған «Қазақстан темір жолы»ҰК» АҚ құрама командасы атынан қатысқан атыраулық екі желаяқ бірінші орынды иеленді.  

Үміттерін үкілеп Атыраудан Қарағандыға барған олардың асығы алшысынан түсіп, айы оңынан туды десе болады. Жалпы, «Өз мүмкіндігіңнен асып түсу» ұранымен өткен марафонға жас айырмашылығына қарай 50 адам қатысқан болатын. Әйелдер арасында 36-50 жас аралығында қатысқан Атырау вагон депосының техникалық қызмет көрсету және жөндеу операторы Гауһар Толыбаева бұрынғы 93,300 шақырым орнына 96,600 шақырым жүгіріп, рекорд жаңартты.  

Ал, ерлер арасында 18-35 жас аралығындағы жарыста Мақат локомотив депосының машинисі Ерлан Жұпаров 12 сағат ішінде 12 шақырымға жүгіріп, ол да бірінші орынды иеленді. Бұл «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы және жалпы теміржолшылар қауымы үшін үлкен абырой, биік мерей!  

«Біздің жерлестеріміздің осындай жетістікке жеткеніне қуанып отырмыз. Екеуі де ондаған шақырымды қиналмай еңсеріп, жүзден жүйрік атанғаны зор мерей. Жеңімпаз қос желаяқтарымызға және барлық қатысушыларға қашан да табыс тілейміз», - дейді Атырау қосалқы бөлімшесінің спорт нұсқаушысы Ринат Иманғазиев.  

Қосұйым Мұқашев

Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"