Сарапшылар кездесуге қатысушыларды «Самұрық-Қазына» қорының жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялары IPO-сының іске асырылу барысымен, оның ішінде бірінші IPO кандидаты – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы туралы негізгі ақпаратпен таныстырды. Ұйымдастырушылар кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері IPO ұлттық компанияларды жекешелендірудің ең ашық тәсілдерінің бірі болып табылатынын атап өтті. Бұл ретте, компаниялардың акцияларының бақылау пакеттері олар қор нарығына шыққаннан кейін «Самұрық-Қазына» қоры арқылы мемлекет меншігінде қалады.
«Сонымен қатар, институционалдық және жеке инвесторлардың (ҚР азаматтары) акцияларды сатып алуының инвестициялық тәуекелі бар екенін түсіну қажет, өйткені макроэкономикалық, геосаяси және басқа да көптеген сыртқы факторлар компаниялар акцияларының бағасына, сондай-ақ оның дивидендтер төлеу қабілетіне теріс әсер етуі мүмкін», – деп атап өтті Қордың Экономика және жоспарлау департаментінің директоры Мират Өтепов.
Брокерлік ұйымдар тарапынан спикерлер әлеуетті инвесторларға алаяқтық қаупі туралы ескертті және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, KASE Қазақстан қор биржасының және Astana International Exchange (AIX) биржасының сайттарында брокерлік лицензиясының болуын тексеруді ұсынды.
Осылайша, кездесуге қатысушылар инвестициялаудың баламалы тәсілі ретінде IPO тетіктері жайында білді. 2022 жылғы 16-30 қыркүйек аралығында еліміздің 60-тан астам қаласында тұрғындармен, компания қызметкерлерімен және өндірістік объектілердің жұмысшыларымен ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтетінін естеріңізге сала кетейік.
IPO және Қордың жекешелендіру бағдарламасы туралы ipo.sk.kz мамандандырылған интернет-ресурсынан толығырақ білуге болады.
Анықтама үшін:
2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 7 ірі активі, оның ішінде 6 актив IPO арқылы бәсекелес ортаға ішінара шығарылады. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ IPO-сы биылға жоспарланған. Ол AIX және KASE алаңдарында орналастырылады.