К 30-летию Независимости Казахстана | 18 қазан 08:34

Ауыл спорт ойындарында – қола жүлде

«Қаражанбасмұнай» АҚ жүк көлігінің жүргізушісі VII Республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарында кір тасын көтеруден қола жүлдегер атанды. Спорттың 14 түрі бойынша өтіп жатқан ауқымды додаға еліміздің барлық өңірінен екі мыңнан астам спортшы бақ сынап жатыр.

Маңғыстау облысының намысын ҚБМ жұмысшысы Айдын Ахметов қорғады. Ол 95+ келі салмақ дәрежесінде ондаған қарсыластан басым түсіп, қола жүлдені жеңіп алды. Айдын бала кезінен спортпен айналысады. Спортшы мұнай саласындағы негізгі қызметімен қатар, кір тасын көтерумен кәсіби деңгейде шұғылданып жүр.

«Жарыс спортшыны шыңдайды. Менің салмақ дәрежемде 14 адам болды, тартысты жарыс болды деп ойлаймын. Менің жаттықтырушым, әріптесім - №2 мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев. Жеңісті күндер әлі алда екеніне сенімдімін!», – деп әсерімен бөлісті мұнайшы-спортшы.

Айдын кен орнында 10 жылдан астам 5-автотізбектің тиегіш көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Ол мұнай өндірумен қатар, өлке спортының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген белсенді азамат.