«Сарыарқа» газ магистралі Талап ауылының дәл іргесінен өтеді. Қазір мыңға жуық тұрғыны бар елдімекендегі әр үйге көгілдір отын тартылып жатыр. Дулат Қадыров осында 1987 жылдан бері тұрады.
Думан Қадыров, Талап ауылының тұрғыны:
"Ауылымызға су келген, енді мынау газ келіп жатыр. Желтоқсан айында беріледі деген жақсы хабарды естіп жатырмыз. Бұрын көмірдің тоннасын 12 мың теңгеден алатын едік. Енді мынау газ берсе, жылуға шығынымыз азаяды деген ойдамыз".
Қазір мұнда 2 бригада мен 5 арнайы техника жұмыс істеуде. Бірнеше жұмыскер жергілікті тұрғындар арасынан алынған. Кейін газ желісін қадағалау, халыққа қызмет ету үшін де ауыл азаматтары арнайы оқытылмақ.
Айдос Себепов, құрылыс телімінің басшысы:
"Газ магистралі Талап ауылына небәрі 2,5 шақырым жерде. Осы аралыққа металл құбырлар, ал көшелерге полимер құбырлар тартып жатырмыз. Кемінде 20 жылға шыдайтын сапасы берік материалдар. Жыл соңына дейін ауылға газ береміз. Ары қарай Жезқазған қаласы мен тағы екі елдімекенде жұмыстар басталады".
Жобаға сәйкес, болашақта магистраль бойындағы 5 ірі қала мен 119 елді мекенде тұратын 3 миллионға жуық адам табиғи газдың игілігін көреді. Шамамен 6 ай от жағатын бұл өңірлердің барлығы дерлік газға көшкен кезде, экологиялық ахуал да жақсарады.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың қараша айында бастау алған "Сарыарқа" газ құбырының құрылысын, бүгінгі таңда "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры табысты жүзеге асыруда. Қордың Басқармасы төрағасы Ахметжан Есімов құрылысты уақытылы аяқтауды, сондай-ақ іске қосу жұмыстарының өз мерзімінде бітуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.