Батыс Қазақстан облысының Жаңаөмір ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің инфрақұрылымын қалпына келтіру аясында жалпы ауданы 1,6 мың шаршы метр болатын нысанды Қордың бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» салды. Кешенде волейбол, баскетбол, бадминтон, үстел теннисі және ұлттық күреспен айналысу үшін барлық жағдай жасалған.
Сондай-ақ, медициналық бөлім, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және басқа да қосымша орындар бар. Енді ауыл тұрғындары тұрақты түрде спортпен айналысып, жаттығып, әртүрлі деңгейдегі жарыстарға дайындала алады. Жоба құны - 1,2 млрд теңге. Оны іске асыруға «Азия газ құбыры», «Uranium One», «CGN», «Cameco», «Orano», «КАТКО», «Marubeni» және «KMG RomPetrol» компаниялары атсалысты.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, бизнес-серіктестер, спорт және қоғам өкілдері қатысты.
2020 жылдан бері «Samruk-Kazyna Trust» қоры Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 17 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Солардың бірі – биыл ашылған «OzgeEpic Oral» креативті хабы. Өңірде жыл сайын ерекше қажеттіліктері бар 1200-ден астам баланы қабылдайтын ерте араласу және оңалту орталықтары да жұмысын жалғастыруда.