К 30-летию Независимости Казахстана | 15 ақпан 09:01

Автотізбек абыройын арқалаған Аймекенов

«Қаражанбасмұнай» АҚ-ның еңбек ұжымы бір-бірімен өзара тығыз байланысты көптеген бөлімшелерден құралған. Кен орнындағы жұмыстың тиімділігі мен жеделдігін қамтамасыз ететін қозғаушы күштің бірі – тасымалдауға, арнайы техникаларды көтеруге және тиеуге жауапты технологиялық көлік басқармасы.

Технологиялық көлік басқармасының арнайы техникалары өндірісте үздіксіз жұмыс жүргізу үшін тәулік бойы «сақадай сай» тұрады. Көліктердің техникалық жағдайы, жұмыс тәртібі мен қызмет сапасы автотізбек басшыларының жеке бақылауында. 30 жылға жуық уақыттан жылдан бері аталмыш қызметті абыроймен атқарып келе жатқандардың бірі – «№4 жүк көтергіш механизмдер автотізбегінің» басшысы Қайрлап Аймекенов.

Оның Қаражанбастағы еңбек жолы автокран жүргізушісі ретінде басталды. Осы уақыт ішінде Қайрлап өндірісті толығымен зерттеп, меңгерді. Кейіпкеріміздің қарамағындағы автокрандар, гидрокөтергіштер мен манипуляторларды басқаратын жұмысшылар жыл мезгілі мен күн райына қарамастан, жүктерді көтеру мен жеткізу жұмыстарын жылдам әрі сапалы орындайды.

«Мен кен орнына алғаш келгенде мұнда тек екі автотізбек болған. Қазір алты автотізбек біте қайнасып қызмет етіп жатырмыз. Бұл Қаражанбастың қанатын кеңге жайғанының дәлелі деп айта аламын. Өз жұмысымды ерекше жақсы көремін. Қаражанбас екінші үйім, ұжымдастар туысымдай жақын болып кетті. Компаниямыздың көлік саласында оң өзгерістер бар. Биыл басқармамыз жаңа техникалармен толығады деп күтілуде», – дейді Қайрлап Аймекенов.

Қызметтегі кәсібилік пен тәжірибе арқасында Қайрлап Аймекенов көп жылғы еңбегі үшін талай марапат пен алғыс хаттарға ие болды. Қаражанбастың даму тарихындағы оның үлесі мен игі ісі, ақыл-парасаты жас буынға бағдар беретін темірқазық іспетті.