Айтгүл Имбаева Қазпоштада осымен 14 жыл бойы еңбек етіп келеді. Жұмысына адал, іскер басшы салық қызметі және қаржыгер мамандығы бойынша білім алған. Ол бүгінде Қазпошта атынан «Үздік маман» байқауына қатысып, компания намысын қорғамақ.
«Үздік маман» байқауына қатысу идеясы - біздің күнделікті істеп жүрген жұмысымызды жақсарту және жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында қолға алынған еді. Мен бұл байқауға пошта қызметінің тиімділігін арттыру және клиенттердің көрсетілген қызметтерге қанағаттану деңгейін өсіру мақсатын көздейтін, мобильді қосымша жобасымен қатыспақпын. Бізде Go Post қосымшасы бар, бірақ бұл қосымша соның жетілдірілген түрі болмақ. Ол арқылы біз: сәлемдемені алуда арнайы sms арқылы оның өзге адам емес, өз иесіне жетуіне, сәлемдемені тек QR коды арқылы алу, яғни қолма-қол ақшасыз алу мүмкіндігіне, курьерлердің сәлемдемені жеткізу маршрутына қол жеткізе аламыз», - дейді біздің кейіпкер.
Айтгүл өзі басшылық етіп отырған EMS жөнелтілімдерін қабылдау және сұрыптау учаскесінің жұмысы жайлы да айтып берді.
«Біздің ең басты ерекшелігіміз – ол пошта жөнелтілімдерін жедел мерзімде жүзеге асыру. Біз әр пошта жөнелтілімдерін жауапкершілікпен қабылдап, сұрыптап мәртебелеріне қарай нақтылап, бағыттар бойынша бөліп, дұрыс жеткізілуін қадағалап отырамыз. Пошта саласында 14 жыл бойы жұмыс істегеніме өкінбеймін, жұмысымды шексіз сүйемін. Менің жұмысымда барлық қызметкерлерге деген ашықтық пен оларды тыңдай білу - бірлесіп жұмыс жасауға үлкен септігін тигізеді. Өндірісте пайда болған мәселелерді тез арада шешу үшін, менің ұялы телефоным тәулік бойы қосулы тұрады. Әрине қиындықтар да болады, бірақ оған қарамастан ұжымымызбен бірге бірлесіп, түрлі мәселелерді шешуде ауызбіршілік танытып жатамыз. Сол сияқты өзіме қандай міндеттер қойып, соны іске асыруға талпынсам, қызметкерлерден де соны талап етемін. Өйткені бәрі бір адамның қолынан келе бермейді, біздің әр жетістік - бүкіл ұжымның біріге атқарған жұмысының жемісі деп білемін. Жалпы қызметкерлерге үнемі қолдау көрсетіп, рухани және материалды жағынан болсын, әрқашан көмек көрсетуге дайынмын. Олардың еңбегінің бағалануы – мен үшін басты міндет», - дейді Айтгүл Имбаева.
Біздің кейіпкер жұмыстағы жетістігінен бөлек, отбасында аяулы ана, арқасүйер әкесі мен анасының сүйікті қызы, аға-інілерінің қамқор әпкесі.
«Жұмыстан тыс уақытымды қызыммен, ата-анаммен өткіземін. Отбасымызда үш ағайындымыз, алдымда ағам, соңымнан ерген інім бар. Әр ісімнің қолдаушысы, қорғаушысы менің отбасым. Менің бойымдағы батылдық, әр іске жауапкершілікпен қарау қасиетім әкемнен дарыған. Әкемнің жүрегі кең, мейірбан адам. Үнемі айналасындағы бала-шаға, ағайын-туыс алдында үлкен жауапкершілік сезінетін жан. Ал анам менің құрбым, сырласым, ақылшым. Анамның мейірімділігі сонша, отбасымыздағы барлық балаға және немерелеріне жақсы қасиеттерді үйретіп, оларға бағыт-бағдар беріп отырады. Алладан ата-анам мен бауырларыма ұзақ ғұмыр тілеймін», - дейді ол өз отбасы жайында.
Сөз соңында кейіпкер байқау қатысушыларына сәттілік тілеп, оларға ізгі ниетін білдірді.
«Байқауға келер болсам, барлық қатысушыларға сәттілік дегім келеді! Әрқашан осы жігерлі, қуатты қалыптарыңыздан таймай, талай биіктерді бағындыра берулеріңізге тілектеспін!», - деп әңгімесесін аяқтады кейіпкер.
Майнұр Жанақова