К 30-летию Независимости Казахстана | 12 наурыз 10:30

Азаматтық қорғаныс мамандары марапатталды

Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет үйінде Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Маңғыстау облысы бойынша сала үздіктері мен көшбасшылары қатысты. Кездесуге Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров төрағалық етті.

Негізгі мақсат Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы бас ассамблеясының қарарына сәйкес Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай өткен жылдың қорытындысын шығарып, келер жылға жоспарлар құрып, жыл бойы үздік қызмет үлгісін көрсеткен сала мамандарына құрмет көрсетіп, марапаттар табыстау болатын.

Кездесуге мемлекеттік құзырлы органдармен қатар өндірістік мекемелер мен кәсіпорын өкілдері де қатысты. Бүгінде өндіріс алаңдарындағы азаматтық қорғаныс мәселесі қатаң бақылауға алынған. Мамандардың әрбір қадамы жіті тексеріліп, өндірістік қызметтердің орындалуына халықаралық деңгейдегі жоғары талаптар қойылған. Бұл қадамдар өз кезегінде өндіріс ошақтарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға, адам шығынын болдырмауға мүмкіндік беріп тұр. Мәселен, былтыр «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ өндіріс алаңдарында бір де бір ауыр оқыс оқиға тіркеліп, адам жарақаты орын алған жоқ.

Осы орайда, Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бұйрығымен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар саласы бойынша ең үздік өндірістік компания деп танылып, өлкемізде азаматтық қорғаныс саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін компанияның техника қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Аманқос Мұңғалов алғыс хатпен марапатталды.