К 30-летию Независимости Казахстана | 05 қаңтар 10:36

Бәсекеге қабілетті жастар – ҚБМ болашағы

«Қаражанбасмұнай» АҚ «Жас маман кеңесі» мүшелері «Қазақша Quiz» зияткерлік ойынына қатысты. Білімділер бәсекесінде өңірдің өзге де мұнай компанияларының жас жұмысшылары ой жарыстырды. Өндірісте еңбек ететін мұнайшылар түрлі салаға қатысты білімдерін пысықтап, бәсекеге қабілеттілігін сынға салды.

7 кезеңнен тұратын куиз тапсырмаларын орындауға 10 команда өтініш білдірген. Олар алдымен миға шабуыл жасап, əр кезең сайын тест және сурет түріндегі күрделі, логикалық сұрақтарға жауап берді. Командалар өзара бәсекеге түсіп қана қоймай, компаниялар арасындағы жас мамандар қарым-қатынасын нығайтып, бір-бірімен пікір алмасты.

«Мұндай форматтағы сайыстардың бізге берері мол. Білімімізді тексере отырып, көптеген жаңа ақпараттар алдық, достар таптық. Өңірдегі мұнайшы жастардың бірлігін нығайтатын шаралар жалғасын таба берсін», – деді қаражанбастық жастар.

Сайыс соңында ұйымдастырушылар өндірісте жүрген жас мұнайшылардың белсенділігін ерекше атап өтіп, тартысты ойын үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ өңірдегі жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген бұрғылау бөлімінің инженері Марсбек Иманов пен №2 мұнай өндіру цехының операторы Таңат Ералиевке облыс әкімі орынбасарының алғыс хаты табысталды.