Еңбек мектебінен алған тәлім адамға өмірлік азық болатынын алдыңғы буын ағалар дәлелдеп кеткен. Сол еңбек адамдарының ізін жалғап, үздіктер қатарынан көрініп жүрген кейіпкеріміз Самат Масқарұлы 1973 жылы бұрынғы Ералиев ауданы, Жетібай ауылында туған. Әкесі Масқар өмір бойы автобазада арнайы техниканы басқарып, отбасын асырады. Анасы Сәлима апа «Батыр ана» атанған көпбалалы ана, он баланы тәрбиелеп, әр қайсысына арнаулы орта, жоғары білім алуларына жағдай жасады.
Самат аға орта мектепті ойдағыдай аяқтап, 1990 жылы Ақтау қаласындағы СПТУ-1 училищесіне мұнай-газ операторы мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шықты. Еңбек жолын 1991 жылы Жетібайдағы мұнай газ өндіру басқармасында мұнай және газ операторы болып бастады. Кейін әскерге шақырылып, отан алдындағы борышын өтеп, елге абыройлы оралды. 1993 жылы қайтадан бұрынғы жұмыс орнына орналасып, сол уақыттан бері №2 мұнай және газ өндіру цехының 22-топтық қондырғысында қызметін адал атқарып келеді.
Өзінің табандылығының арқасында еңбек ұжымында сыйлы. Тиісті жұмысты тиянақты орындай білетін жұмысшыға барлық әріптестері де қолдау көрсетіп, зор сенім артады. Оның адал да елеулі қызметіне басшылығы да дән риза. Өндіріске ең алғаш келгенінде бар білгенін аямай, ерінбей үйретіп, өзінің ақыл-парасатымен алға жетелеген марқұм ұстазы Ғинадулла Рахимов және әлі де өндіріс қазанында бірге қайнап, саптан қалмай жүрген Роза Досмұхамбетова апайларға алғысы шексіз.
– Кез келген жұмысқа немқұрайдылықпен қарау – табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен мұнай качалкалары самсап бой көтерген ауылда өскендіктен мұнай саласынан әрі асып кете қойған жоқпыз. Ағаш бір жерде көгереді деген ұстанымды әкеміз өнеге етіп қалдырды, сондықтан отыз жылдан астам уақыт осы жерде қызмет етіп келемін. Мен жұмыс жасайтын 22-топтық қондырғыда 40 шақты ұңғыма бар. Күнде арнайы құралдармен сол ұңғымалардың қалыпты жұмысын тексеріп, үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етеміз. Арнайы құрылғымен параметрлерін өлшеп, журналға түсіреміз. Қазір техниканың бәрі ақылды. Бұрынғыдай емес, жұмыс әлдеқайда жеңілдеген. Ол, әрине, техникалардың жаңаруының нәтижесі. Арнайы киімдер мен жаңа технологиялар да келіп жатыр. Осылайша тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйрендік, – дейді қанағатшылдықтың қарапайым үлгісін көрсете білген Самат ағай.
Сайын далада сап түзеген мұнай ұңғымаларының сәніне көз тоймайды. Соларға қарап тұрып-ақ көңілің көтеріледі. Өзің бас-көз болып, күтіп-баптаған ұңғымалар үздіксіз мұнай беріп тұрғанын көргенде бүкіл қиындықты ұмытып, марқайып қаласың. Осылай бір ауысымнан, келесі ауысымға дейін жұмысымыз жалғаса береді, – дейді кейіпкеріміз.
Ол тек іскер азамат қана емес, жан жолдасы Асылхан апаймен бірге 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған әулеттің қамқоршысы. Бүгінде балаларының алды жоғары оқу орындарын бітіріп, бір-бір маман иесі болса болса, кішісі мектеп жасында. Жұмыстан тыс уақытта шағын футбол, волейболға қызығушылық танытатыны бар. Жай қызығушылық танытып қана қоймай, цех аралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып та жүр.
Бәріміз “мұнай-ел ырысы, болашақтың бастауы” екендігін жақсы білеміз. Сондықтан да бабалардан қалған қазына байлықты төкпей-шашпай келер ұрпаққа аманаттап кетуіміз үшін бетін күнге қақтап, даланың ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамдары қашанда мақтанышымызға айнала бермек.