К 30-летию Независимости Казахстана | 04 тамыз 09:30

Бала жетістігі – ана бақыты

«Ембімұнайгаз» АҚ аға бухгалтері Айгүл Кейкешованың қызы, Тұран университетінің студенті Аружан Досымқожаның «Әлия» қысқаметражды фильмі бірден екі халықаралық кинофестивальде 12-18 шілде аралығында өтетін Genders & Performances және 23-30 шілде аралығында өтетін The paus Premieres Festival киноалаңдарында көрсетіледі.

Фестиваль Португалияның Авейро қаласында осымен екінші рет өткізілгелі жатыр.

«Қызым бала кезден бейнетүсірілімге жаны жақын болды. Кішкентай кезінен-ақ бейнекамера сатып алып беруді сұрады. Әкесі жалғыз қызының тілегін орындап, алып берді. Бәрімізді камераға түсіретін. «Камера! Түсіріп жатырмын! деп хабарлап қояды. 9-шы сыныпқа келгенде ол өзінің болашақаты арманымен бөлісті. Ол – режиссер болу. Аружан Досмұхамбетов лицейін физика-математика бағыты бойынша оқыған. Сондықтан, техникалық бағыттағы мамандықты таңдайтын шығар деп ойлағанмын. Алайда, ол шығармашылыққа бет бұрды. Шынымды айтсам, қызым бұл ойынан айнып қалады деп ойладым. Себебі, мұндай жаста кез келген бала өмірдің әр саласына да араласқысы келіп, арманның жетегінде жүретін кезеңі ғой. Бірақ, ол көздеген мақсатынан қол үзген жоқ», – дейді Айгүл Кейкешова.

​Сөйтіп, Тұран университетінің «Кино және телевидение» факультетіне түсу үшін алғашқы қысқаметражды фильм түсіріп, комиссияға ұсынды. Міне, осы сәттен бастап Аружанның болашағына даңғыл жол ашылды.

 

​Жастығына қарамастан, университет қабырғасын аттаған кезден бастап-ақ Аружан өз қабілетін көрсете білді. Қазір 5-ші курс студенті. Киноиндустрия саласындағы 4 жыл бойы тәжірибе жинап, Әділхан Ержанов, Руслан Акун, Айжан Қасымбек, Азамат Дулатов сынды атақты режиссерлер мен кино саласы мамандарымен бірге еңбек етіп үлгерді. Мирас Жүгінісовтің орындауындағы «Сен туралы» әнінің клипінің қоюшы-суретшісі ретінде де белгілі.

 

​Аружан Досымқожаның «Әлия» фильмі университет бағдарламасы бойынша ауылда жұмыс істейтін жас мұғалім Әлия туралы баяндайды. Онда ол күтпеген жерден ежелгі қазақ дәстүрі «Қыз алып қашудың» құрбаны болады. Бұл оған оңайға соқпайды. Әлияның жаңа отбасы оның өмірін қорқынышты түске айналдырады, ал, ол болса, қашып кетуге бел буады...

 

​Кез келген баланың қоғамдық-әлеуметтік дамуы, ең алдымен, отбасынан бастау алады. Осы орайда, Аружанның ата-анасы балаларына жастайынан өнегелі тәрбие беруге тырысты. Ембі өндірісінің дамуына қызмет еткен, бүгінде о дүниелік болған Асқар Кейкешев қызының арманына бала жастан қанат бітіріп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айырып, нәзік жүрегімен терең мәнді проблемаларды ашып көрсете білуіне көп септігін тигізді. Қазір де Аружан шығармашылық бағыттағы әр бастамасында әкесінің қолдауын әлі күнге дейін сезінеді.