Отбасымен қыдыруда пойыз басты көлік десек артық етпес. Өйткен, пойыз – жол жүруге өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Оның үстіне қазір көптеген вагондар жаңартылған, ішінде желдеткіші, телефондарды қуаттандыратын тоқ көздері орнатылған.
Сонымен пойызда балалар неше жасқа дейін тегін жүре алатынына тоқталсақ. Қазақстанда жолаушы бөлек орынға ие болмаса, 7 жасқа дейінгі бір баланы пойыздарда тегін тасымалдауға рұқсат етіледі. Бала үшін бөлек орынды алу үшін сіз бала билетін сатып алуыңыз керек. Егер отбасы 7 жасқа толмаған бірнеше баламен саяхаттаса, онда бір ересек адам тек бір баланы тегін алып жүре алады.
7 жастан 15 жасқа дейінгі балаларға балалар билеттерімен жүруге рұқсат етіледі. Балалар билетінің құны ересектерге арналған билет құнының 50 пайызын құрайды.
Билет кассасында және пойызға отырғызу кезінде баланың жасын растайтын құжатты көрсету керек: баланың туу туралы куәлігі немесе оның заңды өкілі болып табылмайтын жолаушы пойызға отырғызу кезінде нотариалды куәландырылған құжатты көрсетуі керек, яғни кәмелетке толмаған баланы алып жүру құқығын беретін.
Ал 15 жасқа толған балаға ересек билет сатып алынады. Бұл жастағы балалар ересек адамның еріп жүруінсіз, бірақ олардың заңды өкілінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімімен өз бетінше саяхаттай алады.
Айтпақшы, 2023 жылдың жазында ұлттық тасымалдаушының жолаушылар пойыздарымен 174 мыңнан астам бала тасымалданған.
Биыл 2023 жылмен салыстырғанда балаларды тасымалдау саны артады деп күтілуде. Бұл жазда жол жүруге сұраныстың артуына, сондай-ақ жолаушыларды тасымалдау жағдайының жақсаруына байланысты болмақ.