К 30-летию Независимости Казахстана | 31 наурыз 14:53

Балалар теміржол тарихына бойлады

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның орталық музейінде елордалық №22 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін теміржол саласының тарихы мен қазіргі заманғы дамуы бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды.

Бұл мұражай теміржолдағы ең үлкендерінің бірі болып табылады. Балалар теміржолшылар құжаттарының түпнұсқасымен, фотосуреттерімен, марапаттарымен және жеке заттарымен танысты.

Мұражай меңгерушісі Ақмарал Молдашева алғашқы трансқазақстандық магистраль – Орынбор – Ташкент темір жолы шамамен 120 жыл бұрын халықтың ерен еңбегінің арқасында салынғанын әңгімелеп берді.

 

Жол суы жоқ, жұмыс күші мен құрылыс материалдары жетіспейтін қуан далаға төселді. Барлық жұмыстар қол күшімен атқарылды. Ұлы құрылысқа келген мыңдаған қазақ темір жолда жұмыс істеуге қалып, теміржолшылардың еңбек әулеттерінің негізін қалады.

Қызықты экскурсия соңында балаларға темір жолда мұқият және қырағы болу қажеттілігі туралы айтылды, темір жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері бойынша естелік сыйлықтар мен танымдық жапсырмалар табыс етілді.