Шынтуайтына келгенде, әдетте басшылықта қалыптасқан көзқарас бойынша, еңбек адамын қанағаттандырудың ең оңай және тез шешімдерінің бірі – жалақыны өсіру. Ал бұл дұрыс па, бұрыс па?
Иә, еңбекақы мөлшері жұмысшылардың көңіл-күйін жақсартуға, сонымен қатар жалпы өз жұмысымен қанағаттану деңгейіне әсер етуге таптырмас және тиімді құралдардың бірі болып табылатыны даусыз. Соған қарамастан, бұндай тәсілдің қосымша шығындарды талап ететіні, оған қоса қысқамерзімді нәтижелерге қол жеткізуге ғана соқтырып жататыны бәріне ақиқат дүние. Тіті, адам баласы еңбекақыны қанша өсірсең де уақыт өте келе оған қанағаттанбай, аз деп санайтыны да бар.
Аталған ойдың дәйекті болуы үшін «Әлеуметтік тұрақтылық индексі» зерттеуінің аясында жиналған мәліметтер қорына сүйеніп көрейік. Бүгінгі таңда орташа алғанда жұмыскерлердің жалақымен қанағаттану деңгейі 63%-ға тең болып отыр. Аталмыш жұмыскерлердің арасында көбінесе өндірістік және өндіруші салаларының жұмысшылары азды-көпті өз еңбекақыларына разы болып келеді екен. Ал, қызмет көрсету саласында еңбек атқаратындарға келсек, көп жағдайда олардың қолда бар ақшалай табысына салыстырмалы түрде қанағаты төмен болып саналады.
Осыған орай, жұмысшылардың еңбек ахуалына қанағаттану деңгейін арттыруда шығыны аз һәм тиімділігі көп болатын әдіс-құралдардың қандай түрлері бар екендігін зерделеу мақсатында қосымша талдау жұмыстарын өткіздік. Алынған қорытынды таңқалдырмаса да, біршама ойландыратыны рас.
Регрессиялық талдау жұмыскерлердің еңбек жағдайына қанағаттану деңгейінің бағалау мен құрметтеу және еңбекақыға қанағаттану факторларына тәуелді екендігін анықтады. Осы талдау нәтижесі бойынша, қызметкерлерді бағалау мен құрметтеудің оң ықпалы еңбекақы деңгейіне қарағанда 3 есе артық екені белгілі болды. Жалпақ тілмен айтқанда, ең бірінші кезекте тиын-тебеннің емес, қарапайым адами қатынастардың жұмысшыларға маңызы зор екен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бүгінгі күні компания басшыларына коммуникация, кері байланыс, еңбек адамының жұмысын дер кезінде бағалай білу, қызметкерлерді ынталандыру, әңгімелесу, рухани көтермелеу және басқа да материалдық емес шараларды қолдануды ұсынамыз. Аталмыш басқару құралдары бір жағынан аз қаражатты талап етсе, екінші жағынан компаниядағы адал жұмыскерлердің қарасын көбейтуге өз үлесін тигізбек.
Асқар СЕРІКБОЛҰЛЫ, Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының сарапшысы