«Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты кассаның ашылу құрметіне орай, билет кассирлері алғашқы сатып алушыларын дастархан жайып қарсы алды. Көкшетауға дейін жол жүру құжатын рәсімдеген бірінші жолаушыға сыйлық та табысталды. Шараға мекеме басшылығы қатысып, кассирлер жұмысына сәттілік тіледі.
«Коммерциялық кассаларға қарағанда «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты жаңа кассаның ерекшелігі – билет бағалары арзанға түседі. Үстеме ақы жоқ. Касса «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ ғимаратында күні-түні, демалыссыз жұмыс істейтін болады. Билет сатып алушыларға барлығы 4 білікті қызметкер қызмет көрсетеді», – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметкері Данияр Айдарханов.
Кассада тәулігіне 200-ге дейін билет сату көзделіп отыр. Мұнда корпоративті тапсырыстар жасауға болады. Күні кешеге дейін бронь бойынша билеттерді тек елорда вокзалында ғана рәсімдеу мүмкін еді. Бұл өз кезегінде жолаушылар үшін аздап қиындықтар туғызып келді. Енді жолға шығатын тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында артық шығынсыз жаңа кассадан ала алады. Алдағы уақытта касса жұмысын одан әрі дамыту көзделіп отыр. Ол кезде бұл жерде бірден екі касса қызмет етпек. Айта кетейік, жаңа касса Қонаев көшесі, 6-үй, Ұлттық компанияның «А» блогында орналасқан.
Асқар АҚТІЛЕУ