К 30-летию Независимости Казахстана | 28 қазан 10:12

Байланыс саласының маманы: «Күткен нәтижеге қол жеткіздім»

«Қазақтелеком» АҚ Телекоммуникация желілерін басқару бас орталығының бас менеджері Айбек Төлеуов таяуда Juniper Networks Certified Internet Expert Service Provider емтиханын сәтті тапсырып, EXPERT деңгейінің халықаралық сертификатын алды.

Айбек байланыс саласында 8 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол Батыс Қазақстан облыстық телекоммуникациялар дирекциясының электромеханигінен Телекоммуникация желілерін басқару бас орталығының техникалық қолдау көрсету және дерек жіберу желісі ресурстарына қызмет көрсету қызметінің бас менеджеріне дейінгі еңбек жолын жүріп өтті. Бүгінде Айбек — компанияның ең жоғары білікті мамандарының бірі. Ол SDN АЕМ ТОБЖ жобаларын іске асыруға атсалысып, ауылдағы желіні интеграциялау және жаңғыртуға мол еңбек сіңіріп келеді.

Айбек жұмыста өзінің тікелей міндетін атқара жүріп, әріптестерінің білігін арттыруға да атсалысады. «CREDO — табыс мәдениетіне апарар жол» жобасының аясында виртуал зертхана, жасауға қатысты. Бүгінде компанияның онлайн режимде білімін жетілдіргісі келетін қызметкерлері сол зертхананы ризашылықпен қолданып жүр.

 

 

EXPERT деңгейін алу үшін Айбек Juniper Networks оқу орталығында 8 сағаттық зертхана жұмысын орындады.

«Сертификат алуға дайындық қыруар еңбекті талап етеді. Басты критерийлерін айтсам, олар: желі технологиялары саласындағы іргелі білім, теориялық және практикалық дағды, темір тәртіп. Теориялық және практикалық бөлігіне көп уақыт жұмсадым. Жақсы дайындық босқа кеткен жоқ, күткен нәтижеге қол жеткіздім», — дейді Айбек Төлеуов.