К 30-летию Независимости Казахстана | 05 мамыр 11:34

«Берлинді бомбалаған Біләл көкем»

«Қаражанбасмұнай» АҚ баспасөз қызметі 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ел ырысын еселеп, Қаражанбас мұнайын игеруге бір кісідей атсалысып жүрген бу өндіру цехының химиялық су тазарты аппаратшысы Қайрат Әжібайдың «Берлинді бомбалаған Біләл көкем» атты мақаласын ұсынды.

... Таласымыз жоқ, ел мен жер үшін күрестен тайсалмаған әр азамат – батыр. Екінші дүниежүзідік соғыс басталды деген суық хабар жеткеннен азаматтар әскерге алынып, тікелей майданға беттеді. Солардың бірі - менің көкем, әкемнің туған ағасы, есімі елу жылға жуық уақыт бойы белгісіз болып келген Кеңес Одағының Батыры – Біләл Қалиев.

Ол 1917 жылы дүниеге келген. 1939 жылы әскерге шақырылып, соғыс басталғанда Балтық теңізіндегі ұшқыштар дивизиясына қабылданыпты. 1941 жылы немістер Мәскеуге әуе арқылы шабуыл жасағаннан кейін, КСРО Бас Қолбасшысы И.В.Сталиннің бұйрығымен Берлинді бомбалау туралы құпия тапсырма берілген. Оған сол кездегі алысқа ұша алатын бомбалаушы ДБ-3 және ДБ-3Ф ұшақтарын жете меңгерген 15 ұшқышты таңдап алыпты. Құрамында менің көкем де бар.

Сол жылы тамыздың 7-сінен 8-іне қараған түні 15 ДБ-3 ұшағы аспанға көтеріліп, Берлинге бағыттады. Жау астанасын бомбалауға аттанған батырлар бұйрықты бұлжытпай орындап, таң алдында аэродромға сәтті оралды. Осы кезде көрсеткен көзсіз ерлігі үшін КСРО Жоғарғы кеңесі Президиумының 1942 жылғы 13 тамыздағы Жарлығымен Біләл Қалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Көкем бұдан өзге де бомбалау операцияларына алынып, жауынгерлерге ұшақ арқылы оқ-дәрі, қару-жарақ пен қажетті жабдықтарды жеткізуге атсалысқан. Сондай сапарлардың бірінде неміс атқыштарының шабуылынан Сталинградтың Липецк облысы аумағында қаза тапты.

1961 жылы Липецк облысы, Добринск ауданы, Хворостянка станциясындағы мектептің «Қызыл ізшілдері» кеңестік екі ұшақтың құлаған орнын қазып, 4 ұшқыштың мүрдесін тапқан. Олар – Удовенко, Конкин, Орленко және Калиев екендері киімінің жағасындағы тот баспайтын темірге жазылыпты.

Батырлар туралы сан мың естелікті таңды-таңға жалғап жеткізуге болады. Біләл көкемнің ерлік естеліктерін оқыған сайын кеудемі мақтаныш сезімі кернейді. Олар туралы деректерді дамытып, өзімізден кейінгі ұрпаққа аманаттау тұтас қоғамның азаматтық борышы деп білемін. Себебі біз Отан қорғау жолында жанын берген азаматтар арқасында алаңсыз күн кешіп жүрміз.

«Ешкім, ешқашан ұмытылмайды!» деген ұранды ұстанып, көше, мектеп, орталық сияқты түрі нысандарға батырлар атын берсек, келер ұрпақ та олардың кім екенін көкейіне түйетініне сенемін. Ардагерлері тек Жеңіс күні емес, әрдайым еске алып, есімдерін ұлықтайық!

Қайрат Әжібай,

БӨЦ ХСТ аппаратшысы