Білектілер бәсекесінде №3 Мұнай өндіру цехының операторы Нартай Алтыбаев пен Технологиялық көлік басқармасының тиегіш көлік жүргізушісі Айдын Ахметов Маңғыстау облысының намысын қорғады. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен екі жүзге жуық спортшы қатысқан. Ептілік пен тәжірибе арқасында жігіттер уақытты тиімді пайдаланып, лайықты нәтиже көрсетті.
«Елімізде кір тасын көтеру спорты бойынша мықты қарсыластар көбейіп келеді. Бұл жолғы сайыстың оңай болмауы бұған айқын дәлел. Дегенмен намысқа тырысып, бар мүмкіндігімізді көрсеттік. Бізді әрқашан қолдайтын ҚБМ басшылығы мен әріптестерімізге алғысымыз шексіз!», – дейді жігіттер.
Байрақты бәсеке әр спортшының биік белеске жетуіне жігер сыйлайды. Қос мұнайшы енді ел намысын Азия чемпионатында қорғамақ. Өндіріс пен спортты қатар алып жүрген мұнайшылар алдағы жарысқа дайындықты қазірден бастап кетті.