Бұрғылау процесі өндірістегі қауіпсіздікті сақтай отырып, жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаруды талап етеді. Роман Құқыбаевтың Қаражанбас кен орнында қызметке араласқанына 15 жылдан астам уақыт өте шығыпты. Өз ісін өмір салтына айналдырған ол білімі мен тәжірибесін шыңдап, бұрғылау қондырғысының басшысы қызметін күні бүгінге дейін абыроймен жалғастырып келеді.
«Бұрғылау жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылуы мен атқарылуы зор жауапкершілікті талап етеді. Алпауыт жұмыстың ауырлығына шыдап, күні-түні қызмет ету әлбетте оңай емес. Бірақ біз ел экономикасын дамытатын маңызды маман екенімізді сезіне отырып, қызметімізді кәсіби түрде орындауға тырысып келеміз»,- дейді Роман Құқыбаев.
Жер қабаттарына терең бойлай отырып, жаңа ұңғымалар санын арттыру – Қаражанбас бұрғышыларының басты мақсаты. Тағылымды тәлімгер, үлгілі әріптес атанған Роман Құқыбаев әлі де нәтижелі жұмыс істеп, адал еңбегін еліне арнауға дайын екенін айтады.