Олар екі күн бойы Маңғыстау теміржолының түрлі саласында еңбек ететін азаматтармен кездесіп, тренингте қазіргі заман талабына сай түйткілдерге соқтыратын мәселелермен күресу, болдырмау, түрлі күйзелістік жағдайлардан өту жолдарын үйретті. Семинар-тренингтер барысында ҚТЖ компаниясының аппаратынан келген ішкі тренер Гүлнар Катаева жанжалдарды басқару бағытында, семейлік тренер Бекзат Каримханов стреске төзімділік, Алма Саулебаева жұмысшылармен тиімді байланыс орнату, эмоционалды интеллект туралы дағдылармен бөлісіп, түрлі ойын, сұрақ-жауаптармен тақырыпты аша түсті.
Тақырыптарға сай бейнероликтер көрсетіліп, қатысушылармен кері байланыс орнатылды. Екі күндік оқыту кездесуін келесі жолы үш-төрт күндік қылып, уақытын көбейту жөнінде ұсыныстарын да жеткізді. Кейбіреулер ішкі тренер болуға ниеті барын айтып, аталған бағыттағы білімді тек өз айналасындағыларға ғана таратып қоймай, өзге өңірлерге де барып, «білім экспресін» жүргізу жөніндегі сұрақтарын жолдады.
– Ұлттық компаниядағы бұл жоба жалпы білімді есікке дейін жеткізу деген мағынаны білдіреді. Өткен жылы да келген едік. Ол кездесуде басшылар құрамы көбірек болды. Биыл негізгі құрамның басым бөлігін инженерлер, станция, мекеме басшылары, барлығы жетпістен астан адам құрады. Оларға тренинг жүргізу кезінде бір байқағаным, Маңғыстау өңірінің белсенділігі, білуге, үйренуге құштарлығы өте жоғары деңгейде. Өз ойын жетік айтып, барлық нәрсеге бей-жай қарамай, белсене қатысты, – дейді компанияның Семей теміржолынан келген ішкі тренер Бекзат Каримханов.
Шахида Жұман
Дереккөз: "Қазақстан теміржолшысы"