К 30-летию Независимости Казахстана | 28 ақпан 09:28

Бір уақыт белдеуі: жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізіліп жатыр

Көлік министрлігінде бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге дайындық мәселелері жөнінде кеңес өтіп, жолаушыларды уақтылы хабардар ету және билеттерді брондау әрі сату бойынша жүйелерді жаңарту бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу тапсырылған болатын.

Осы ретте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ көршілес теміржол әкімшіліктерімен бірлесе отырып, жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіне өзгерістер енгізу бойынша шараларды қолға алды. Ұлттық компанияның ақпаратына сәйкес, жолаушылар пойыздарының қозғалысына қатысты барлық өзгеріс ресми сайттар мен интернет-ресурстарда қолжетімді.

Бүгінгі таңда теміржол көлігімен жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау ережелеріне сәйкес барлық жолаушылар пойызына билеттерді сату жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ жолаушыларды уақтылы хабардар ету үшін қызметкерлер арасында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу кезінде жолаушыларды ақпараттандыру және поездардың жүру тәртібі туралы тиісті нұсқамалар берілді.

Жолаушылар анықтамалық ақпаратты 1433 нөмірі бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бірыңғай анықтамалық қызметі арқылы немесе @KTZH_PP_BOT Telegram ботының көмегімен тегін ала алады.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 19 қаңтардағы қаулысына сәйкес Қазақстанның барлық аумағында 5-ші уақыт белдеуі қолданылатын болады. Осылайша, 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақыт 1 сағатқа шегеріледі (Астана қ., Алматы қ., Шымкент қ., Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу және Ұлытау облыстары).