К 30-летию Независимости Казахстана | 09 ақпан 09:47

Биыл 23 жаңартылатын энергетика нысаны іске қосылады

Биыл қуаты 381 МВт болатын 23 жаңартылатын энергетика нысаны іске қосылады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды SKnews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

«Биыл қуаты 381 МВт болатын 23 жаңартылатын энергетика нысаны іске қосылатын болады. Соның ішінде 5 гидроэлектр станциясы, 5 күн және 13 жел электр станциясы қамтылып отыр», – деді министр Үкімет отырысында.

Жаңартылатын энергетика секторын одан әрі дамыту үшін Министрлік мүдделі тараптармен бірлесіп:

250 МВт жаңартылатын энергетика жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықты өткізу; Электр энергиясын жинақтау жүйелері бар жаңартылатын энергетиканы дамыту; Халық пен шағын және орта бизнес арасында жаңартылатын энергетиканың бөлінген генерациясы тетігін жетілдіру; Ірі гидроэлектр станциялары үшін ынталандыру тетіктерін ұсыну; 2025 жылға дейін экологиялық таза энергия көлемін 2 есеге ұлғайту бағытында жұмыс жүргізеді.

«Қазақстанда энергетиканы әртараптандыру және тұрақты дамыту мақсатында жаңартылатын энергия көздері нарығын дамыту одан әрі жалғасатын болады. Жаңартылатын энергия көздерін дамытудың алғашқы сатысын сәтті аяқтай отырып, келесі кезеңде осы саладағы мүдделі тараптарды, оның ішінде ғалымдар мен инженерлерді тарта отырып, жүйелік негізде «жасыл» энергетиканы серпінді дамыту басты назарда болатынын атап өткім келеді», – деді Нұрлан Ноғаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында мынадай нақты мақсаттар қойылған, атап айтқанда электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергетиканың үлесін 2025 жылы 6 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға дейін жеткізу ескерілген. Ал 2050 жылға қарай жалпы энергия тұтынудың кемінде жартысы жаңартылатын және баламалы энергия көздеріне тиесілі болуға тиіс.