Қазіргі таңда жоспардың 70% астамы орындалған. Күздің жаймашуақ мезгілін пайдаланып жолшылар алдағы айда да жұмыс көрігін қыздырып, жоспарлы межеге жетеді деген сенім бар. Күрделі жөндеу қара күзге дейін жалғасатынын ескерсек, материал жеткілікті болса, қалған отыз пайызды орындауға ештеңе кедергі емес.
Жолға жөндеудің күрделі түрін жасауға тәжірибелі кәсіпорындар «Теміржол жөндеу» мен «Integra Construction KZ» ЖШС-лары және Ұлттық компанияның филиалы Ағадыр ПЧМ жұмылдырылып отыр. Жұмыстар үстіміздегі жылдың сәуір айында оңтүстік өңірде басталған еді. Жолдарға күрделі жөндеу арнайы әзірленген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес екі тәсілмен жүргізілуде.
Оның бірі SMD-80 техникасының көмегімен балласты тазалай және үстінен толықтыра отырып, шпалдарды ауыстыру, сонымен қатар RM-80, ХДВ, ЭЛБ, ВПО-3000, Duomatic, DGS, PBR машиналарының кешенін қолдана отырып, рельстерді түйіспесіз рельс иіндеріне ауыстыру болса, екінші тәсіл, жаңағы ауыр машиналар кешені мен УК25/9-18 кранын пайдалана отырып, рельстерді, шпалдар мен балластарды тұтастай алмастыру болып отыр.
Жүрістің бір қалыпты болуын қамтамасыз ету үшін ПРСМ рельс дәнекерлеу машинасын қолдана отырып, учаске блогына дейінгі түйіспесіз рельс иіндеріне дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде.
«Жұмыстар штаттық режимде, кідіріссіз өтуде. Коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы қабылданған шаралар аясында барлық қауіпсіздік ережелері сақталып отыр. Бүгінде жөндеу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда», – деп ақпаратпен бөлісті Жол және құрылыстар департаментінің өкілі Ильвир Нагаев.
Осы ретте, ел теміржолдарын жаңғырту жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігін арттырумен қатар қозғалыс жылдамдығын ұлғайтуға бағытталып отырғанын атар едік.
Сұлугүл Бакесова
Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»