Жалпы еңбек өтілі 219 жылды құрайтын Тұрсынбаевтар әулетінің еңбек династиясы «Мерейлі отбасы» сайысында Павлодар облысының барлық қала-аудандарынан қатысқан 13 отбасының арасынан озып шығып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Әулет отағасы – «Богатырь Көмір» ЖШС Теміржол жабдықтарын жөндеу дирекциясының бас технологы Сейфула Тұрсынбаев, отанасы – «Богатырь Көмір» корпоративтік қорының атқарушы директоры Айгүл Тұрсынбаева. Екеуі де еңбекке адалдығымен ерекшеленіп, түрлі марапаттарға ие болған.
Отау құрғандарына 40 жыл толған ерлі-зайыптылар төрт бала тәрбиелеп, жеті немере сүйіп отыр. Ұлы Фарид, қызы Даяна мен оның жұбайы Александр, сондай-ақ келіні Гүлнәр бүгінде «Богатырь Көмір» ұжымының белді мүшелері.
Тұрсынбаевтар әулетінің еңбексүйгіштігі мен бірлігі – жас ұрпаққа үлгі. Енді әулет Республика күні қарсаңында қазан айында өтетін «Мерейлі отбасы» республикалық байқауында Павлодар облысының намысын қорғайды.