Болат Жәмішев Қоғамдық кеңес ең алдымен қоғамдық пікірді қалыптастырып, жетілдіру, «Самұрық-Қазына» АҚ атына азаматтардан келіп түсетін сауалдарды нақты ұсыныстарға айналдырумен айналысатынын атап өтті.
Алғашқы отырыста Қоғамдық кеңес мүшелері «Самұрық-Қазына» қорынреформалау жоспары туралы баяндаманы тыңдады. Қор өкілдері жетілдіру үрдісінің алғашқы нәтижелерімен танысып, Кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.
Жиынға қатысушылар қоғамда қызу талқыланып жатқан өзекті мәселелерді, соның ішінде кадрлық саясат, сатып алулар, «Самұрық-Қазына» тобының активтерін жекешелендіру, ұлттық компаниялардың қордаланып қалған проблемаларын жан-жақты талқылады.
Айта кеткен жөн, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің жұмысы қаржылай шығындарды талап етпейді. Себебі, Қоғамдық кеңес мүшелеріне еңбекақы төленбейді.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев өз кезегінде қоғаммен ықпалдасу Қордың қызметін жетілдіру және ұйымдастыру жолындағы маңызды тетік екенін тілге тиек етіп, Қоғамдық кеңес мүшелерімен ашық диалог орнатуға әзір екенін жеткізді.
Алғашқы отырыстың қорытындысы бойынша, Кеңес мүшелері Қордың жұмысын жандандырып, оның ашықтығын қамтамасыз етіп, есептілігін арттыруға мүдделі екенін білдірді.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесі 2021 жылы желтоқсан айында үміткерлерді ашық конкурс арқылы іріктеу жолымен қалыптастырылған. Оның құрамына 10 адам кіреді:
жетеуі – азаматтық қоғам өкілі; үшеуі – Қор қызметкерлері.