К 30-летию Независимости Казахстана | 25 наурыз 09:00

«Бригадирлік конверт»: 130 мыңнан астам хат-хабар

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның «Бригадирлік конверт» сервистік қызметі пайда болғаннан бері оны 131 мыңнан астам адам пайдаланып, хат-хабарларын жолдаған.

Жөнелтушіден «Бригадирлік конверт» пойыз бастығымен буып-түйілген күйде қабылданып, сол жерде пойыз бастығының қатысуымен мөрленеді. Онда жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер: жеке басын куәландыратын деректерге сәйкес аты-жөні, ұялы/қалалық телефон нөмірі, Қазақстан аумағы бойынша жөнелту және межелі станциясы, пошталық мекенжайы, алушының деректері көрсетіледі.

Конверттің көлемі А4 форматынан аспауы және ені 3 см-ге дейін болуы тиіс (тасымалдауға тек қағаз түрінде ғана рұқсат етіледі). Қызмет құны – 500 теңге.

Пойыз бастығы түбіртек пен чек береді. Конвертті алу үшін қарсы алушының өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс.

Қажетсіз болып қалған «Бригадирлік конверт» жөнелтушіге немесе алушыға қайтару туралы хабар берілген күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде сақталады. Кейін теміржол учаскесінің жауапты тұлғасы жөнелтушінің көрсетілген мекенжайына хабарламамен пошта арқылы талап етілмеген хатты жібереді. Ұлттық тасымалдаушы «Бригадирлік конверт» қызметін пайдалануға кеңес береді.

Дереккөз: «Қазақстан теміржолшысы»