К 30-летию Независимости Казахстана | 31 наурыз 14:00

Британдық BBC радиосының тыңдаушылары Қазақстан темір жолының дыбыстарын естіді

Британдық BBC радиосы эфирінде журналист Майкл Россидің Қазақстан бойынша пойызбен жасаған сапары кезінде жазып алған аудио подкасты тыңдармандар назарына ұсынылды.

Жолда Майкл вагондар қозғалысы дыбыстарын, локомотив дабылын, вагон тексерушінің доңғалақ жұбына балғамен ұрғылап тексерген дыбыстарын жазып алып жүрген. Бұл дыбыстар дабырласқан жолаушылардың, пойыз жолсеріктерінің, перрондарда тауарларын сатуға асыққан саудагерлердің дауыстарымен, қоршаған ортаның шуылымен араласып жатады.

Майкл Росси қазақстандық пойыздарда өзін таң қалдырған жайтттарды алға тартады.

«Ұзақ қашықтыққа жолаушылардың үлкен ағының пойыздар алып бара жатқаны таң қалдырады. Жүктеменің ауырлығына қарамастан, бәрі нақты жұмыс істейді. Пойыздарда маған қайнаған суы бар заманауи самаурындар ұнады. Мейрамхана вагонында жайлы және дәмді. Пойызда бәрі қызықты болды», - дейді ол.

 

Қазақстанға келу журналист үшін бұрыннан келе жатқан арман болды.

«Қазақстанның картасына қарасам, елдеріңіздің қаншалықты үлкен екеніне миым жетпейді. Сіздерде теміржолдағы қауіпсіздік шаралары жан жақты қарастырылған, мысалы, вагонға отырар алдында біз жіті тексеруден өттік. Ал, билетті сатып алғанда төлқұжат нөмірін және басқа да деректерді көрсету қажет, біз Шотландияда билетті сатып аламыз, ешкім жолаушылардың төлқұжаттарын  тексермейді және багажды сканерлемейді», - деп саяхатшы өз әсерімен бөліседі.

 

Майкл Россидің айтуынша, радио тыңдаушылары арасында дыбысты подкасттар өте танымал.

«BBC радиосында керемет Slow radio (баяу радио) бағдарламасы бар. Оның уақыты шамамен 30 минутты құрайды. Эфирде әр жерден әр түрлі дыбыстар таратылады. Ол кез келген нәрсе болуы мүмкін: саябақ, жағажай дыбыстары. Мен Португалиядағы жағалау, Шотландиядағы бақтар дыбыстарын жазған болатынмын», - дейді журналист.