К 30-летию Независимости Казахстана | 13 июля 15:50

Цифрлық технологиялар мұнай өнімдерін сату тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуде

Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ цифрлық трансформацияны жалғастырып келеді. Осы жұмыстың басты құралдарының бірі - Келісімшарттық құжат айналымы жүйесі (КҚАЖ). Бұрын келісімшарт жасасу көп уақыт алып, көптеген қағаз құжаттарды рәсімдеуді талап етсе, бүгінде бұл процесс электронды форматта іске асырылуда.

Келісімшарттық құжат айналымы жүйесі - компаниялардың ҚазМұнайГаздан мұнай өнімдерін сатып алуға арналған электронды платформа. Қағаз құжаттардың орнына барлық рәсім онлайн режимде іске асырылады, атап айтқанда компания сатып алуға өтінім береді, келісімшартқа электрондық қолтаңбамен қол қояды, отын алуға қажетті құжаттарды рәсімдейді және кез келген уақытта барлық іс жүргізу тарихын бір жерден көре алады. Бұл мұнай өнімдерін сатып алу процесін жылдамдатады.

Жүйе іске қосылғаннан бері жалпы көлемі 6 миллион тонна болатын мұнай өнімі бойынша 9 мыңнан астам электрондық келісімшарт жасалды.

Бүгінде ҚМГ жобаның келесі маңызды кезеңін – мұнай өнімдерін цифрлық бөлу тетігін дамытып жатыр. Жаңа механизм мұнай өнімдерін қолмен емес, нақты әрі объективті деректер негізінде бөлуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта КҚАЖ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялануда. Жүйе көліктерге жанармай құю станциялары және өзге де өткізу арналары арқылы қанша отын сатылғаны туралы мәліметтерді ескеретін болады. Бұл шешімдерді нақты деректерге сүйене отырып, қабылдауға және мұнай өнімдерін бөлуді барынша ашық етуге, субъективті факторлардың ықпалын болдырмауға мүмкіндік береді.

 

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің талаптарына сәйкес, КҚАЖ-ға салық құпиясы бар ақпаратты ұсынуға арналған келісімге электронды қол қою мүмкіндігі енгізілді. Енді контрагенттер мұндай келісімге толықтай онлайн форматта қол қоя алады.

Сонымен қатар бұл жүйе еліміздің үш ірі мұнай өңдеу зауытында – АМӨЗ, ПМХЗ және ПҚОП-та енгізіліп жатыр. Қазірдің өзінде компаниялар мұнайды өңдеуге өтінімдерді электронды форматта жолдайды. Келесі кезекте мұнай өңдеуге арналған келісімшарттарды жасасу процесі толықтай цифрлық форматқа көшірілетін болады. Бұл кәсіпорындардың жұмысын жеделдетуге, қағаз құжат айналымын қысқартуға және барлық қатысушы арасындағы өзара іс-қимылды барынша қолайлы етуге мүмкіндік береді.